Қайта естілді қаламда қобыз үні

Осыдан екі жыл бұрын қалалық әкімдіктің бастамасымен шаһардың мәдени өмірінде үлкен серпіліс болған еді. Республикалық деңгейде алғаш рет Ерден Сандыбайұлы атындағы І республикалық қобызшылардың конкурсы өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қолдау тапқан бұл дода дағдарыстың лебі буып тұрған тұста қайта жалғасты.

Рухани жұтаңдыққа түскен қоғамда Қорқыт бабадан қалған құдіретті қобыз үнінің берері мол екенін бағамдаған қала басшылығы биыл да бұл байқауды өткізуді жөн санады. Сөйтіп, дәстүрлі байқау Сәтбаев қаласына қайта оралып, шаһарда екі күн құдіретті қобыздың қоңыр үні естілді.

20160422-01-1

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен Ерден Сандыбайұлы атындағы ІІ республикалық байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен он бір жас қобызшы қатысып, бабалар мұрасын санада жаңғыртты.

Айтулы шараның ашылу салтанатында байқауға қатысушылар мен есімдері елге танымал қазылар алқасының мүшелеріне құрмет көрсетілді.

Өнер додасының шымылдығын Қарағанды облыстық Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі ашты. Байрақты бәсекені думанға ұластырған ансамбльдің репетруарындағы халық әндері мен күйлері тыңдармандарына ерекше әсер қалдырды.

Ұлытау атырабында есімі жұртқа батырлығы мен шешендігімен мәшһүр болған Ерден Сандыбайұлына арналған Ықылас Дүкенұлының «Ерден» күйінің шығу тарихын Жезқазған қаласының С.Қожамқұлов атындағы театрдың актерлері әсерлі бейнелей білді. Ерденнің Бәйменде есімді ұлы ерте қайтып, қаралы болып отырған бір елдің билеушісіне көңіл айта келген ақсақалдардың арасында Тама елінің жас жігіті Ерденнің шерлі болған кеудесін қайғы-мұңнан қобыз арқылы айықтырып, еңсесінің тіктеуіне септескен екен. Осыдан кейін «Ерден» күйі ел арасына тарап, Ықыластың да Ерденнің де даңқы елден асыпты.

Міне, сол қайғы жұтып, қан құсып отырған Ерденнің жүрегін жібітіп, басын көтерткен қоңыр қобыз байқауының Ерден есімімен байланыстырудың да мәні осында. Ал, екі кезеңде өткен қобызшылардың байқауына келер болсақ, қатысушылар екі күн бойы сахнада бірінен соң бірі өнерлерін көрсетіп, шеберліктерін сынатты. Олардың өнеріне Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ұстазы Ермұрат Үсенов бастаған елімізге танымал өнер адамдары баға берді.

Бірінші кезеңде үміткерлерге Ықыластың «Ерден» күйін, Қорқыттың «Қорқыт» күйін Дәулет Мықтыбаевтың орындауындағы нұсқасы бойынша және Е.Үсеновтың «Қойлыбайдың сарыны» күйін орындауы шарт болса, екінші кезеңде өнерпаздар Жаппас Қаламбаевтың орындауындағы Ықыластың «Жез киігінің» бірінші түрін, Ықыластың «Аққу» күйінің Дәулет Мықтыбаевтың орындауындағы нұсқасын және Қорқыттың Жаппас Қаламбаев орындаған нұсқасындағы «Қоңыр» күйін, сонымен қатар, фортепианоның сүйемелдеуімен Қазақстан композиторларының бір шығармасын орындады.

Алғашқы кезеңнен сегіз жас қобызшы іріктеліп, екінші айналымда өзара бақ сынасты. Ал, шешуші кезеңде қазылар алқасы жүзден жүйрік шыққандарды марапатқа ұсынды.

Дүбірі алысқа жеткен байқаудың жабылу салтанатында сөз алған қала әкімі Асқар Ыдырысов ұрпақтан-ұрпаққа көнермей жеткен бабалар мұрасының қайта жаңғырып, қыл қобыз үнінің Арқа аймағында естілуі заңды құбылыс екенін айта келіп, дәстүрі байқаудың маңызы да мәртебесі де айрықша деді.

Өнердегі жолын Сәтбаев қаласында бастаған Е.Үсенов қыл қобыздың тарихы осы Ұлытау, Арқа жерінен бастау алатынын жеткізіп, «VIII ғасырда өмір сүрген Қорқыттың, Ықыластың, Қойлыбай мен Досымбайдың, Балақай мен Беркімбайдың ізін жалғаған талай аға буын өкілдері қобызды бүгінгі жас буынға аманаттап отырмыз. Қобыздың үнін өшірмейтін ұрпақ барын көріп көңіл марқайды», деді.

Сонымен, байқаудың Қойлыбай атындағы жүлдесін Алматы қаласынан келген С.Закария иеленсе, Досымбай атындағы жүлдесін қарағандылық А.Жетпісбаева місе тұтты. Алматылық Ө.Дүйсен Балақай атындағы жүлдеге лайық деп танылса, Жамбыл облысынан келген А.Балтабаев Беркімбай атындағы жүлдеге ие болды. Бұл жас қобызшылардың әрқайсына он бес мың теңге ақшалай жүлде берілді.

Дипломант атағына тігілген елу мың теңге жамбылдық Қ.Молдабаевқа бұйырды. Ал, ІІІ орынның жетпіс бес мың ақшалай жүлдесін астаналық Ш.Шарапатова және Солтүстік Қазақстан облысынан келген Ж.Мұстафина жеңіп алды. Байқауда қала намысын қорғаған Е.Манасаров пен алматылық С.Қарабалаев ІІ орынның жүлдесі – жүз елу мың теңгені еншіледі. Алматыдан ат арытып келген Ә.Смайыл бірінші орынға тігілген үш жүз мың теңгемен марапатталса, байрақты бәсекеде топ жарған астаналық жас дарын О.Құрманбек бас жүлде – бір миллион теңгені қанжығасына байлап кетті.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.