Мақсат – ауылды гүлдендіру

Он сегізінші наурыз күні Ақтөбе қаласында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен бастау алған «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы біздің кеншілер қаласында да өз бастауын алды. Бұл марафон-эстафетаның негізгі мақсаты – ауылдың мәртебесін көтеру мен жандандыруға жастарды жұмылдыру.

Сенбі күні Даңқ алаңында осы марафон-эстафетаның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшелері, «Жасыл ел» еңбек жасағының жасақшылары, қаланың жастары қатысты.

Салтанатты ашылу рәсімінде алғаш болып сөз алған №5 орта мектеп оқушысы, «Жасыл елдің» жасақшысы Әділхан Құдайқұлов: – Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Елбасының бастамасымен қолға алынған үлкен іс-шараның бірі ауылдың дамуына жастарды жұмылдыру болып отыр. Халқымыздың 42 пайызы мекен ететін ауылды дамыту келешегіміздің берік болуына үлкен қадамдар жасаудың баспалдағы, – деді.

–  Бұл марафон – жастардың бірінші өмір мектебі. Аға буынның ауылды гүлдендіру жолындағы өнегелі істерін қатар құрбыларымызбен бірігіп алға қарай жылжыту, ауылдың мәртебесін жоғарылату жолындағы жастардың үлесі мол болмақ, –  деді  №3 кәсіби лицейдің оқушысы Елена Оберст.

Осы шараның ашылу салтанатының мәнін мәдени-сауық орталығының әншілері шырқаған Отан, туған жер жайлы әндер аша түсті

Марафон-эстафетаның соңы жалпы қалалық сенбілікке ұласты. Жастар «Жеңіс» саябағын тазалау жұмыстарын жүргізіп, ағаш отырғызды.

Жастардың ауылды гүлдендіру жолында бірігуі – бұл өскелең ұрпақты туған жерге деген сүйіспеншілік және патриоттық рухта тәрбиелеудің тамаша үлгісі.

Бағдат Қазкенов

Комментарии закрыты.