Жаңғырудың жаңа жолы

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауын халыққа түсіндіруі мақсатында жұмыс атқарып келе жатқан ақпараттық үгіт-насихат тобы өткен сәрсенбі күні №15 мектепте болып, Жолдауда көзделген межелердің орындалуы жайында сөз қозғады. Бұл жолғы үгіт-насихат тобының жұмысы Сәтбаев қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Кауһар Сағындықованың қатысуымен өтті.

Мектеп басшысының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Нарынбаева кездесудің мақсатына тоқталды. Одан кейін К.Сағындықова жаңғырудың жаңа жолын көздеген Жолдаудағы басым бағыттарға тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

– Өздеріңіз білетіндей, биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Осы 20 жылдықтың қарсаңында жолданған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бұл Жолдауының жөні бөлек. Жолдауда әлеуметтік жаңғыртудың 4 басым бағытында халықтың әлеуетін жақсартуды қолға алу көзделген. Білім беру, денсаулық сақтау, тілдерді дамыту, жұмыспен қамту, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы төңірегіндегі мәселелерді бірігіп шешудің оңтайлы жолын да Жолдау көрсетіп беріп отыр.

Жеделдетілген экономикалық жаңғырту мен инновациялық индустриаландыруды одан әрі жетілдіре түсу мақсатында Жолдауда көрсетілген шаралардың бастамалары да жаман емес. Біздің қаламызда да осы бағыттардағы жұмыстар қолға алына бастады, – дей келе, К.Сағындықова Жолдау аясында атқарылатын жұмыстардың басын шалып өтті.

Ұстаздар қауымы аймақтың алдағы жылдары дамуы мен болашағы, тұрғын үй шаруашылығы мен азық-түлік бағасы жайында сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.