Әркім — өз тағдырының прорабы

Бар саналы ғұмырын үй салуға арнаған бір прораб зейнеткерлік жасқа жетеді.

— Жұмыстан шығамын, шаршадым. Қалған өмірде кемпірім екеуміз немере бағамыз, — дейді құрылыс фирмасының басшысына.

Құрылыстың қыр-сырына қанық майталман маманды қимаған бастығы:

— Жақсы, дегенің болсын! Тек бір өтініш бар — соңғы үйді сал, сосын лайықты сый-сияпатпен шығарып салайық, — дейді.

Прораб келіседі. Жаңа жоба бойынша шағын отбасына арналған үй тұрғызуға кіріседі. Көрініп тұрған «зейнеткерлік ауылы» асықтырады: талапқа сай толық бітпеген іске көңіл аудармайды, оңайына ұмтылып жобадан ауытқиды, қолына түскен сапасыз материалдарды пайдаланады.

Жұмыстың жүйесіз жүргенін іштей сезеді, бірақ, «ертең кететін адамға бәрібір емес пе?» деп, өзін-өзі жұбатады. Бәрі біткесін қасына нөкерлерін ерткен компания басшысы келеді. Тұрғызылған үйді қарап шыққан ол:

— Бұл — сенің үйің! Қазір көшіп келсең де болады. Барлық құжаты рәсімделген. Ұзақ жылғы үлгілі еңбегің үшін фирманың атынан осындай сый жасауды ұйғардық, — дейді.

Сол сәтте қандай күй кешкені прорабтың өзіне ғана мәлім!

Ал, үйдің кілтін тапсырып тұрып қызу құттықтаған, ағыл-тегіл тілек айтқан әріптестері санасыздықтың салдарынан шалыс басып, ұқыпсыздығы үшін ұяттан өртенген оның кейпін ұяңдыққа балады. Қалған жерде кеткен қателіктің кем-кетігін түгендеу өзінің еншісінде екенін ол түсінді. Ал, жиналған жұрт оны қымбат сыйлық алғанына қысылып тұр деп ойлады.

Өмірінде бір рет сапасыз салған үйде тұру осылай оның өзіне бұйырды.

P.S. Бәріміз — прорабпыз. Өз тағдырымыздың прорабымыз! Тағдырға қалай қарасақ, солай ғұмыр кешеміз. Зейнеткерлікке асыққан прорабтай жүреміз. Түпкі нәтижеге көп бас қатырмаймыз. Қателікті кеш түсінеміз. Тек қалыптасқан тағдырымыз «тұрып жатқан үйіміз» екенін сезінгенде барып, тілімізді тістейміз. Кем-кетікті жөндеуге қалған ғұмырың жетсе жақсы!

Комментарии закрыты.