Тіліңе құрмет – еліңе құрмет

Тілсіз халықтың, елдің мәңгілік болуы мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің дәрежесін биіктетуіміз керек. Ана тілін сүйген адам туған жерін, елін, Отанын сүйеді. Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер – ана тілі яғни мемлекеттік тіл.

Мемлекеттік тіл – Қазақстан мемлекетінің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын іс қағаздарының тілі. Мемлекеттік тіл мемлекет қамқорлығында болады.

Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995ж.), «Тіл саясаты туралы” Тұжырымдамасы (1996ж.) және осыларға негізделген «Тіл туралы” Заң (1997ж.) республикадағы тілдердің ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың құралы ретінде қызмет етуін және тіл алуандығын көздейді. Республикада мемлекеттік тіл ретінде бір ғана тіл – қазақ тіліне конституциялық мәртебе берілген.

Ата заңның 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Осы бір сөздер Қазақстанның кез-келген азаматын ойландыруы керек. Қазақстан гүлденсе, қазақ жеріне тамырын жайған оның әрбір азаматының өмірі де гүлденеді. Ол үшін қасиетті Отанымыздың көк туын биікке көтеріп, мемлекеттіміздің тілін шекарамызды қорғағандай жан тәнімізбен қорғауымыз қажет.

Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің бірнеше алғы шарты бар. Атап айтқанда, сол тілді қолданушылардың санының жеткілікті болуы, табиғи және табиғи емес тілдік ортаның болуы, республиканың барлық аймақтарына таралуы, қоғамдық өмірдің әр алуан саласында ауызша әрі жазбаша түрде қызмет етуі сияқты сыртқы факторлардың болуы. Сондай-ақ, қазақ тілінің құрылым-жүйесі жетілген, лексика-фразеологиялық қоры аса бай, ежелден келе жатқан жазба және ауызша дәстүрі бар ұлттық тілдердің бірі ретіндегі ішкі тілдік факторлардың болуы. Осы шарттар қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді.

Сәтбаев қаласы Әділет барқармасында мемлекеттік тіліміздің әрі қарай дамуына үлкен көңіл бөлініп, қызметкерлер арасында белсенді қолданысқа ие болуы қадағаланады.

Ж.Утепбаева, Сәтбаев қаласы Әділет басқармасының бас маманы.

Комментарии закрыты.