Қасқыр соққан келіншек қазір 78 жаста

Жылда жауысымен еріп кететін қарашаның қары биыл түскен қалпында жатып қалды. Айнала жұқалтаң болса да ақ жаймаға оранған. Бұл мал баққан жанға сақтықты да сездіргендей. Сырттағы ұсақ малдардың бәрі қолға қараған соң түздің тағысы ауыл, қотанды төңіректейтін болып алған. Оны суат пен мая маңындағы сайрап жатқан іздерден-ақ аңғаруға болады. Оның үстіне ауыл иттері түн баласы тыным таппай үріп шығады…

20160429-12-1

Биыл бірінші рет «Үшсайды» қыстағалы отырған Әділбек жер жағдайымен танысайын, оның үстіне маядағы шөпке себесін болсын деген оймен отарын далаға жайып жүр еді. Бүгін де таңғы астарын ішкен соң кенжесі Тойшыбекті ертіп қораға беттеді. Бұл олардың күндегі әдеті. Әкелі-балалы екеуі әуелі шолақ торы мен күрең қасқаны ерттейді. Шолақ торы жуас. Бауырынан өтіп жатсаң да тырп етпей тұра береді. Сонысына қарамай бір шабары да бар. Жуас, әрі мініске жайлы болған соң Әділбек оны ұлына ерттеп береді. Өзі күрең қасқаны мінеді. Бұл шоқтығы биік, тұрқы ұзын ат. Нағыз көкпарға салатын белдінің өзі. Ауылда агроном болып жүргенде жылқыдан өзі барып таңдап алып еді. Содан бері серігіне айналған.

Екі ат ерттелген соң олар қорадағы малды шығарады. Ақсақ-тоқсағы, ауру-сырқауы бар-жоғын білу үшін отарды маяның сыртына қарай жаяу айдап шығады. Егер өріске жарамсыздары болса ауылдан ұзатпай ұстап қалу ойлары. Ондай малдың жоғына көздері жеткен соң Тойшыбек ауылға қарай құлдыраңдайды. Келе торысына мініп, күреңді жетектеп әкесіне жетеді. Отарды ұзатысып салған соң ғана бала ауылға оралады.

Ал, бұл кезде ауылда қалған екі жан үйдің күйбең шаруасына кіріседі. Екеудің бірі – былтыр ғана түскен келін – Күлсайран да, екіншісі – Әділбектің бәйбішесі – Қатыш. Ене мен келіннің күнұзақ шаруасы таусылмайды. Сиыр сауу, сүт тарту, тамақ істеу, бұзауларға шөп салу екеуінің мойнында. Рас, соңғысына Тойшыбек жәрдемдеседі. Алғаш келін болып түскенде бұл шаруалардың денін Күлсайран атқаратын. Бірақ, іші білініп, ай-күні жақындаған сайын енесі келінін үйден ұзатпайды.

– Тіріде тірнек таусылар деймісің. Андағы бойыңдағы «тікенің» аман-есен сыртқа шықсын. Сосын да сен істер шаруа табылар, – деп үйде от басы, ошақ қасында ұстады. Ал, сырттың шаруасын ұлымен екеуі атқарып жүрді. Бұған Күлсайран қатты қысылатын. Жастайынан үлкеннің алдын кесіп өтпеген, үлкендер шаруа істеп жатқанда қол қусырып отырып көрмеген бала еді. Бірақ, енесінің өзі осылай бұйырған соң лажсыздан көнген.

Сол әдетпен Күлсайран пештің астын тазалап отырған. Кенет далада айғай-сүрең болды да қалды. Терезеден барып қарап еді, енесі қолындағы тамыздық ағаштарын шашып-төгіп үйге қарай жүгіріп келеді. Қос қабатты әйнектен ештеңе естілмеген соң есікке қарай беттеген. Сөйткенше болған жоқ, арғы жақтан енесі де сүріне-қабына үйге енді.

– Қасқыр! Қораға қасқыр шапты! Анда бұзауларды қырып жатыр! Күшіктерді парша-парша қылды! – деді де босағаға сылқ етіп отыра кетті. Әлде қорыққан, әлде жүгіргеннен бе денесі дір-дір етіп орнынан тұра алар емес. Мынаны естігенде Күлсайран далаға қалай атып шыққанын да байқамады. Үйден әудем жерде мал қорамен жапсарлас салынған шалы бар-тын. Онда таңертең сауылған сиырлардың бұзаулары қамаулы тұратын. Қан майдан сол жерде болып жатыр екен. Шалыға ұмтылған төрт-бес қасқырды ұялас үш күшік жібермей жүр. Үйіне жаңа ғана толған бала немелерді көкжалдар қоян құрлы көрмей желкеден алып сілкілеп-сілкілеп лақтырып жібереді де шалыға қарай ұмтылады. Нәсілі ит емес пе, аналар да қасқырлардың сирағына жармасып, құйрығынан тартып, қайрат көрсетіп бағуда.

Бір сәттік көріністен осындай арпалысты көрген Күлсайран одан әрі шыдап тұра алмады. Өзінің ай-күні таяу екенін де ұмытып кеткендей. Жан-жағына қарап еді атасының айыр сап болсын деп тоғайдан қиып әкеліп, қабырғаға сүйеп қойған талдардың ішінен ұзындау, әрі әлдемдірек бірін ала салды да есік алдында байлаулы тұрған шолақ торыға «әуп» деп мініп алды.

Торы ат та ауыл маңындағы «айқасты» көріп елегізіп тұр екен. Тізгінді қаққаны сол еді көкжалдар тобына қарай жосыла жөнелді. Қолындағы сойылын қос қолдай ұстаған келіншек ағындап келген бетте көкжалдардың ішіндегі ірісін жон арқадан соғып өтті. Сойыл оңбай тисе керек көкжал арқа тұсын бір қауып түсті де топтан бөлініп төбеге қарай салды. Келіншек те атын бөрінің соңына бұрды. Бұл кезде өзге қасқырлар да бытырай қаша жөнелген еді.

Алдына түскен қараның ата жауы екенін сезгендей шолақ торы да шабысын үдете түсті. Аттың жалына жабысқан келіншек қатерді мүлдем ұмытқан. Қасқыр қайырылып өзіне шабуы мүмкін-ау деген ой ол кезде оның қаперіне де кірмеді. Бар ойы көкжалды қуып жетіп қарақұсынан ойсырата соғу болды. Иесінің бұл ойын түсінгендей торы да қасқырды ұзатпауға күшін салған сыңайлы. Сәт сайын ат пен бөрінің арасы жақындай берді. Манағы соққы оңбай тисе керек, қасқыр құлашын жазып жүгіре алмай келеді. Енді бір сәтте көкжал сойыл сілтер жерге де таянды. Күлсайран сойылын қос қолдап ұстап үзеңгіге шірене беріп соғып өтті. Қасқыр бір аунап түсті де оң жақ қатпалға жалт берді. Торы да жалт ете қалды. Жастайынан аттың құлағында ойнап өскен Күлсайран ер үстінде еркін отыр. Тағы бір оңтайлы сәт келгенде сойылын тағы сілтеп қалды. Қасқыр төрт тағандап құлады. Торының тізгінін тартқан келіншек аттан түсе салып сойылын оңтайлап ұстап қасқырға таяй берді. Азу тісін ақситқан бөрі айбат қылған күйі орнынан тұрмақ болып еді, шапшаң қимылдаған Күлсайран қасқырды қара тұмсықтан оңдырмай ұрды. Көкжал сұлық қалды. Келіншек тағы да екі-үш рет ұрды. Сосын барып бөріні сойылымен түртіп көрді. Бұл кезде талайдың тамағын орған көкжалдың денесі темірдей тартылып қалған еді…

Күлсайран сонда барып өзінің де бұлшық еттерінің сіңірдей сіресіп қалғанын байқады. Енді-енді өзіне келе бастағанда буын-буыны босап, денесі қалшылдап кетті. Сәл тұрса құлап қаларын сезген келіншек сойылына сүйеніп торы атқа қарай аяңдады. Жан-жағына қарап еді, ауылдан көп ұзап кетіпті. Анадайда әлдене деп айқайлап енесі келеді сүріне-қабына. Оның артында кіші қайнысы мен қасқырлар талаған ұялас үш күшік келеді…

Күлсайран осы жолы тұңғыш рет әкесі Мағзұмға өзін бала жастан атқа мінуді үйреткені үшін риза болды. Ал, Мағзұм болса қызын атқа мінгізейін деп мінгізген жоқ. Ол кезде әр үйден бір адам шығып атпен мал айдасуы, шөп тасысуы керек еді. Мағзұм мен Ғайшакүлдің жалғыз ұлы ертерек шетінеді де үйдің ұлы да қызы да осы Күлсайран болды. Оны әкесі «Сайран» деп атайтын.

Бірде күзге салым етке мал айдау керек болды да малшылармен бірге осы Күлсайран да барады. Қырсық қылғанда бұған пыр етіп ұшқан торғайдан да шошитын үркек ат тиген екен. Қаперінде ештеңе жоқ, малдың соңында еріп келе жатқан еді. Кенет қасынан домалап өткен қаңбақтан үріккен ат жалт ете қалсын. Алаңсыз отырған Күлсайран аттан ауып түсті. Дес бергенде аяғы үзеңгіден шығып кетіп, аман қалды. Әйтпесе ат сүйреп кетер ме еді. Осыны естіген әкесі Мағзұмның «Егер ұлым болса Сайрашым бұлай жүрмес еді ғой» деп кұңіренгенін естігенде ол енді қайтып әкесінің көз жасын көрсетпеуге бекінді. Аттың құлағында ойнайтын болып алды. Ауылдағы жезделерінің баскиімін қамшысымен іліп алып, аспанда шыр көбелек айналдыратын. Міне, сол ептілігінің пайдасын бүгін көріп отыр.

Ол өз ойымен тұрып енесінің де қасына таяп қалғанын аңдамай қалыпты.

– Қарағым-ау, өзің амансың ба? Сырты түк, іші боқ қарасан келгірлерді арашалаймын деп арандап қалмадың ба? Ақсарыбас! Ақсарыбас! Бөпең аман ба өзі? Жарығым-ау, шошынып қалған жоқсың ба? Келші ұшықтайын, – деп енесі білегінен ұстағанда барып қалың ойдан сейілген Күлсайран, енесінің қылығына жымиып қана бас шайқап жауап берді. Сөйтті де торының шылбырымен қасқырды мойнынан шалып байлап, ердің алдыңғы басына ілді де енесін атқа отырғызып, ауылға қарай аяңдады.

Сол қасқыр соққан келіншек бүгінде жетпістің сегізінде. Он екі құрсақ көтерген алтын құрсақ ана. Алла өзі бергенін өз алады ғой. Күлсайран апаның төрт баласы ерте шетінепті. Қалғандары бүгінде бір-бір шаңырақ. Айтпақшы, қасқыр соққанда іште жүрген баласы қыз болатын. Оған атасы Жұлдыз деп ат қойды.

Жолдасы Әділбеков Мырзахмет ұзақ жыл Сарыкеңгір совхозында шопыр болып еңбек еткен. Мырзахмет екеуі отасардан бірер жыл бұрын атасы Әділбек бір отар мал алып, шопандық таяқты ұстапты. Оған дейін колхозда, совхозда агроном болған кісі. Кешегі ашаршылық жылдары жан-жаққа тышқаншылап кеткен жекжаттарын осы қайынатасы Әділбек бір ауылға жинап, егін егіп, асыраған екен.

Күлсайран да бұл шаңыраққа құтты келін болып келді. Ата-енесінің қас-қабағын бағып, ағайын-туысқа жайлы келін атанды. Үлкендерден бата алып өсті. Абысын-ажындармен шәй десекен жоқ. Күні бүгінге дейін қайынжұрттың үлкендерінің атын атаған емес. Балаларына да сондай тәрбие беріп отырған ана. Бір әулеттің ұйытқысы.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.