Қалалық сенбілік жайында бірер ой

Сонымен, өткен сенбіде қаламызда сенбілік өтті. «Таза бейсенбілік, облыстық немесе қалалық (кейде тіпті республикалық) сенбілік» деп жар салып жатамыз. Ал, осы тазалық күндері қаланың барлық түкпірінде оң нәтижесін көрсетіп жүр ме?

Бұл жолғы сенбіліктің жағдайын көру үшін әдейілеп таңертең жолға шықтым. Сенбілік, әдеттегідей, қаламыздың басты көшелері мен орталығында бір кісідей жұмылдырылған күштің көмегімен қызу жүріп жатты. Қаланың басты көшелерінің бірі – Абай көшесінің бойымен келе жатырмын. Сөздің шыны керек, қаламыздың бұл басты көшесінде халық сенбіліктерге әрдайым белсене қатысады. Әсіресе, «СТиВ» кабелдік теледидар орталығы, «Стефани» сән салоны, «Шарапат» дәріханасы және «Әділ» дүкені қызметкерлерінің жұмысы жаныңды жадыратады. Олар тек айналасын тазартып қоймай, дүкендерінің терезелерін сүртіп, баспалдақтары мен шарбақтарын бояп, қаламыздың сәнін ашты. Осы секілді бар ықыласымен істелініп жатқан жұмысты көргенде көңілін көтеріледі.

Әттең, «бірақ» деген сөзді айтпасқа болмайды. Өкінішке орай, әрі қарай жүргенімде ешқандай қозғалыс көрмедім. Басқа ешбір дүкеннің алдында сыпырып та жатқан жан көрінбеді. «Мүмкін басқалары кешіректеу шығады» деген оймен әрі жүрдім. Осылайша қалалық емхананың айналасына жеттім. Бұл жерде енді жұмыс керемет жүріп жатты. Емхана шарбағының сыртында да, ішінде де қаптап жүрген адам. Бір топ келіншек емхананың алдын бұрқыратып тұрып сыпырып жатыр, жігіттер жерді қазып, жас ағаштар отырғызып жүр. Емхана қызметкерлеріне көмекке сонымен қатар технологиялық колледждің І курс студенттері, №4 отбасылық дәрігерлік амбулатория мен қалалық туберкулезге қарсы диспансердің ұжымы да келіпті. Осындай біріккен құраммен бұл жердің сенбілігі тамаша деңгейде өтіп жатты.

Емханадан шығып, қарсы бетке өттім. Полиция мекемесінің жанынан өтіп бара жатып, қоқыс үйінділеріне көзім түсті. Бұл жердің жиналмағаны айдан анық. Батыр жігіттеріміз (ішкі істер бөлімінің қызметкерлерін айтып тұрмын – М.Ш.) қылмыскерлер мен ұры-қарыларды ұстап жүріп, сенбілікке шығуға мұршалары жетпей жүрген шығар деп іштен түйдім.

Осылайша мен әрі жүрдім. Бір кезде қалалық электротоқ ғимаратының қасына келгенде, «баяғы жартас – сол жартас» деген Абай атамыздың сөзі есіме түсті. Газетіміздің өткен сандарында осы ғимараттың артындағы қоқыс туралы бірнеше рет жазған болатынбыз. Расымен де, біздің жанайқайымыз ешкімнің құлағына жетпеген бе? Бұл көшенің тазалығына кім жауапты? Осы көшенің қоқысқа толы жағдайына көздерін қалайша жұмады? Еріксіз, мұндай келеңсіздікті көрмей жүрген оларды «ұшып жүре ме» деп ойлап қаласың…

Неге қаламыздың басты көшелерін сипалай бермей, үйлердің арасындағы, қаланың ішіндегі қоқыстарды жинауға бір көңіл бөлмеске?

Сонымен, Комаров көшесіне де жеттім ғой, әйтеуір… Жолда оты лаулап, ақырған арыстандай жалындап жатқан қоқыс жәшігіне көзім түсті. Осы қоқыс жәшіктерін өртеу деген не әдет? Қай көшемен жүрсең де міндетті түрде жанып жатқан жәшікті көресің. Таза ауа жұтайын деп терезеңді ашсаң болды, түтіннің ащы иісі мұрныңды жарып өтеді.

Осы кезде бір лирикалық шегініс жасап кетейін. Былтырғы жаздың бір жайма шуақ күнінде кешке қарай үйімді салқындатып алайын деп, тереземді ашқанмын. Осы кезде ауада ұшып жүрген ақ түтінді көрдім, содан соң мұрныма таныс ащы иіс келді. Қарасам, үй маңындағы қоқыс жәшігі өртеніп жатыр екен. Сол уақытта жәшіктің жанында жүрген бірнеше қаңғыбасқа көзім түсті. Сөйтсем, олар қоқыс жәшігін шашып тастап, өздеріне керектерін алады екен де, содан соң басқа қаңғыбастар ештеңе ала алмас үшін жәшіктерді өртейді екен. Бұл оқиғаға өз көзім куә болды. Нарықтың бәсекелестігі оларға да жеткен екен ғой…

Міне, бұл жолы да алдымнан тап болған, жарқылдап оты жанған бұл жәшік сондай «бәсекелестердің» құрбаны шығар деп, қолымды бір сілтеп, мен де кете бардым…

Сағатқа қарасам 11 болыпты. Осы кезде «Мир техники» дүкені ашылды. Есіктерін ашар-ашпастан бұл дүкеннің қызметкерлері де сыпырғыш, күрек секілді саймандарын алып, бірден сенбілікке кірісіп кетті. Арғы бетке өттім. Бұл жақтың да жұмысы көз қуантарлық. Әсіресе, Сәтбаев қалалық әділет басқармасының қыз-келіншектері ойын-күлкі аралас қалжыңдарын айтып, көтеріңкі көңіл-күймен жан-жақтарын жинап, есік алдындағы ағаштарды әктеп, терезелерін айнадай сүртіп, тазалап жатыр екен. Олардан қалыспай, қасындағы «Отдел рыболова» атты дүкеннің де жұмыскерлері өз аймақтарын жинап жатты.

Осылайша, Комаров көшесінің бойын шарлап, Кеншілер алаңына да жеттім. Әрине, бұл қаламыздың орталығы болған соң, бұл жерге айтар мін де жоқ.

Әлбетте, сырт көзбен қарағанда, үлкен көшелердің бойымен жүргенде «қандай керемет, тазалығы көз тамсандырарлық қала» деп ойлайсың, ал көше арасы мен үйлердің іргесімен жүріп өткенде өзіңді қоқыстың ортасында өмір сүргендей сезінесін. Менің бұл ойымды жұртшылық дұрыс түсінбей, «әжептәуір сенбілік жасап едік, жақсылығымыздан гөрі жамандығымызды басып айтты» деп ренжулері де әбден мүмкін. Дегенмен, ащы болса да, шындықты айтқан дұрыс. Бұл жолы өткен сенбілік – «бетін жуып, мойнын жууды ұмытып кеткен қыздың келбетіне» ұқсады.

Не десек те, сәтбаевтықтарға серпін бермеген сенбілік те өтті. Аты бүкіл қалалық болғанымен, затына сай болмаған шараның өз дәрежесінде өткізілмеуі тұрғындарға ой салады деген үміттеміз.

Ардақты халайық, бұл – біздің қала, біздің ортақ мекеніміз ғой. Оның тазалығы мен ары қарай гүлденуіне немқұрайлы қарамай, жанашырлық танытып жүрсек қайтеді?!

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.