«Бейнетті жылдардың зейнетін көріп отырмын»…

20160506-05-2Отыз екінші жылғы қырғын жұтта әкесінен айырылып, жетімдіктің тауқіметін ерте тартқан Дәметкен әжей сұм соғыс салған лаңды бастан өткергендердің бірі. Бүгінде сексеннің жетеуіне келген әжей сол бір нәубетті жылдардағы қиындықтарды былайша еске алады.

– Мен 1929 жылы Жезқазған кентінде дүниеге келіппін. Соғыс басталғанда он екі жастамын. Жас жігіттерді бірінен соң бірін майданға алды. Өндіріс ісін тұралатпау мақсатында құрылған арнайы жұмыс топтарына қыз-келіншектер алына бастады. Өмірі көрмеген жеті қат жер астына түсіп, кен тасыдым. №1 шахтада Қарағанды, Қарқаралы өңірлерінен келген қыздар, шартталып келген жас жігіттер шахта астының жұмысына араласты. Қиын-қыстау кезең ғой, бір үзім нанды талонмен алып, жарытып тамақ та ішпедік. Жау жағадан алған жылдар қарапайым халықтың тұрмысына қатты әсер етті. Аш құрсақ жүріп, Жеңіске жетеміз деген ұранмен еңбек етуге тырыстық. Бір күні қатты ауырып, шахтадан кетуге мәжбүр болдым. «Жігерлі» колхозына тұрмысқа шығып, ауылдың тіршілігімен тағдырым ұштасып кетті. Құдай қосқан қосағым Сламбек көзі ашық, көкірегі ояу жан болатын. Ел сыйлап, құрмет көрсететін. Ауылшаруашылық саласында қырық жылға таяу еңбек етіп, абыройға кенелді. Соғыс тарттырған тауқіметті ол да көрді. Әкемнің інісі мені он бес жасымда үш қап бидайға ұзатып қосқан қосағымның шаңырағы мен келін болып түскенде мүлде жұтаң тұратын. Кәрі атам болды. Тылдағы еңбекке кеткенде жалғыз қалады. Түні бойы диірменмен тартқан бидайды нанғып пісіріп, жартысын қырманға, жартысын атамызға тастап кететінбіз. Талғажау ететініміз жарты бөлке нан мен қатқан құрт.

Байлыбоқан, Қарашың тоғандарын бөгеу, Байсалбай деген жерде жер жыртып, соқа салу, егін егу, шөп шабу, үю сынды ауыр жұмыстар баршаға ортақ болды. Осындай бейнетті тұрмысты бастан кеше жүріп, он төрт баланы өмірге әкелдім.

Сарыкеңгір ауылында құрметті қонақтар түсетін шаңыраққа айналған Сламбек әкей мен Дәметкен әжейдің ұрпағы бүгінде кенді қаланың өсіп-өркендеу жолында тер төгуде. Тоғыз баласынан отыз немере, отыз бес шөбере сүйіп отырған Дәметкен әжейдің жалғыз тілегі – ел бірлігінің бекем, ұлттар татулығының тұғыры ұзақ болуы.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.