Шет аудандардың да тазалығына көңіл бөлінсе

Жалпы қалалық сенбілікке қала мекемелері мен кәсіпорындары бір кісідей жұмыла кірісіп, қаланың орталығында тазалық жұмысын жүргізгенімен, қаланың шығыс жағында орналасқан шағын аудандарда сенбіліктің нышаны байқалмады. Әсіресе, қазақ ауылының маңайында сенбілік жұмыстары мүлдем жүргізілмеді.  Осы шағын ауданда тек №27 қазақ орта мектебі мен №14 орта мектеп ұжымы ғана өздеріне бекітіліп берген жерде ғана тазалық жұмыстарын жүргізді.

Осы аудандардағы сенбіліктің өту барысын санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасының өкілдерімен қадағалап жүргенде көптеген көшелерде тазалық жұмыстарының солғын тартып жатқанын байқадық. Садық пен Колбасов көшелерінің қиылысындағы  қоқыстың үйінділері көзімізге оттай басылды. Арнайы қоқыс алаңы етіп бекітілгендіктен оны тазалап тұру міндет екенін сенбілікте ұмытып кеткен жауапты мекеменің бұл ісіне тұрғындар  әбден ашыныпты.  Күллі қазақ ауылының қоқыс төгетін алаңына айналған бұл жерден қоқыс жәшіктерін басқа жерге ауыстыру керек-ақ.

Бір айта кетерлігі, тек бекітіліп берген жерді жинап, сыпыру мекемелердің ғана міндеті емес, сонымен қатар әрбір тұрғынның да өз ауласын, өз аумағын тазалап, жинап ұстауы да үлкен міндет.

Қаланың тек қана орталығына көңіл бөле бермей, шеткі шағын аудандарға да тазалық жұмыстары жүргізілсе, қаланың ажарын одан әрі де аша түсері сөзсіз.

Алдымызда келе жатқан облыстық сенбілікте бұл олқылықтарды жоюға бірігіп жұмыс атқаруға шақырамыз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.