Алта телефондарына «қақпақ» қойылды

Ұлыстың Ұлы күнінен келген үлкен жаңалықтың бірі – ұялы телефондарға қойылған шектеу болды. Дәлірек айтқанда, ғаламторға шығу мүмкіндігі бар, сурет және бейнетаспаға түсіруге қабілеті мол қалта телефондары, планшет сияқты өзге де гаджеттерді мемлекеттік мекемелерге алып кіруге тосқауыл қойылды. Шектеу – мемлекеттік маңызды және ұлттық қауіпсіздігімізге қатысты құпия ақпараттардың ғаламтор арқылы таралуын тоқтату мақсатында қолға алынған, деп түсіндіреді осы іске жауапты мамандар…

Қалта телефондарына «қақпақ» қою жөніндегі құжат күшіне енісімен, әлеуметтік желілерде әртүрлі пікірлер айтыла бастады. Біреулері бұл шараны жақтаса, енді бірі даттады. Бұл жерде біз кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін екшегелі отырған жоқпыз. Негізгі мақсатымыз, осындай шараны қабылдауға не түрткі болды деген сауалға жауап іздеу. Жасыратыны жоқ, кейінгі кездері бірқатар министрліктер мен ішкі істер органдарындағы құжаттардан бастап, Елбасымыздың қызметтік хаттарының көшірмелерін, лауазымды тұлғалардың жүріс-тұрысын ғаламтордан жиі көретін болдық. Ол ғана емес, жер-жерлерде болып жатқан адам жанын түршіктіретін қылмыстық оқиғаларға қатысты хабарлар, бейне материалдар әлеуметтік желілер арқылы тез тарап кететін болды. Осылардың бәрі ақпарат ағымына тосқауыл қоюға нақты себеп болды.

Комментарии закрыты.