Пернелі телефондардың пәрмені артты

Мемлекеттік мекемеде қызмет ететін інім телефон шалды. «Үйдегі ұлдар қос-қостан пернелі телефондар ұстап жүруші еді ғой. Соның ішінен жарамды біреуін маған бермес пе екен?», дейді. Сөйтсем, ол қызмет ететін мекеме қызметкерлеріне сондай талап қойыпты. «Крутой» телефондарын үйлерінде тастап, жұмыста қоңырау қабылдап, хат жіберуге ғана қауқарлы телефондар ұстау керек екен.

Осы мәселенің анық-қанығына жету үшін біз өзіміздің қаладағы мемлекеттік мекемелермен хабарластық. Мұнда да осындай жағдай. Мемлекеттік мекемелерге келушілердің көп функциялы гаджеттерін ішке кіргізбеуін қадағалауды қолға алды. Бюджетті ұйымдардың қызметкерлері смартфондарын тастап, қарапайым қалта телефондарына көшті.

Осыдан да болар, бір кездері құны 4 мың теңгеден аспаған пернелі қалта телефондарының бағасы бір сәтте бүгінде 8-10 мыңға дейін көтеріліп кетті. Саудагерлер болса, тауар бағасының жаңа талаптан емес, жасыл ақшаның қымбаттауынан көтерілгенін айтып ақталуда. Телефон – күнде алып жей беретін нан емес. Бағасының да бұйдасын үзіп тұрғаны шамалы (200-250 мың теңгенің «iPhone-на» көз сүзіп жүргендердің 10-12 мыңын пернелі телефонға жұмсағаннан мұрты қисаймасы анық). Ендеше, мемлекеттік мекеме мамандарының қажетті қалта телефондарымен бү­гін-ертең қамтылары сөзсіз. Мәселе, бұған тіреліп тұрған жоқ. Көп функциялы гаджеттерді пайдалану қажет пе, жоқ па? Мәселе осында.

Комментарии закрыты.