Көмегі көп кәсіпорын

Өр тынысты өндірістің бел ортасында болмаса да, жер қойнауында қатпар-қатпар кен қопарған қайратты кеншінің, сол шұрайлы шикізаттан құнарлы концентрат қалқыған білікті байытушының, бабымен піскен балқымадан саф алтындай шақпақ мыс шығарған мәрт мінезді металлургтің қалыпты жұмыс жасауын қамтамасыз ету арқылы ортақ табысқа елеулі үлес қосатын көптеген көмекші кәсіпорын бар. Көмегі көл-көсір сондай қосалқы құрылым қатарынан тау-кен технологиясы және автоматика мамандандырылған кәсіпорнын да көреміз.

Бұл кәсіпорынның қалтқысыз қызмет көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шығып келе жатқанына жарты ғасырдан асты. Осы уақытта ол талай-талай өзгеріске түсті, бірнеше мәрте қайта құрылып, маңдайшасындағы атауы да жаңғырды. Алайда, азды-көпті кеңейіп, көрсететін қызмет қатары көбейіп, соны сипат алғаны болмаса, ұйымшыл ұжым қалыптасқан кәсіби дәстүрді одан әрі дамытып, кемелдене түсті.

Ұйымшыл ұжымда жүз елуге жетер-жетпес қана адам еңбек етеді. Соған қарамастан, қызмет көрсету аясы кең. Ол «Қазақмыстың» Жезқазған аймағындағы кәсіпорындарымен ғана шектеліп қалмайды, сондай-ақ, Қарағанды қапталы мен қарт Балқаштың бойындағы, Өскемен өңіріндегі өндірістік бірлестіктердің де құрылымдық бөлімшелерін қамтиды.

Ықшам ұжымның арқалаған жүгінің қаншалықты салмақты екенін осыдан-ақ бағамдай беруге болады. Кәсіпорын құрамында әртүрлі бағытта жұмыстар жүргізетін цехтар, жабдықтардың стандартқа сай екендігін тексеріп-түгендейтін және радиацияны бақылайтын екі орталық зертхана бар. Кейінгі екеуі еліміздің мемлекеттік стандарттар органдарында тіркелген.

Біздің аймақтағы «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің кәсіпорындарында автоматтандыру және электр жабдықтарымен жарақтандыру мәселесімен электр техникасы цехы айналысады. Кейде қажет бола қалған жағдайда компанияның басқа филиалдарындағы кәсіпорындарға да көмегін береді.

Кәсіпорында еңбек ететіндердің басым көпшілігі осы салада тәжірибесі толысқан, өз кәсібін мінсіз меңгерген майталман мамандар. Тәжірибелі тәлімгерлер талай жастың топшысын қатайтып, қалаған мамандығын қапысыз меңгеріп кетуіне септігін тигізіп жүр. Өндіріс тарландары мен олардың ізін басқан ынталы жастар үздіксіз ізденістің арқасында қайтарымы мол жаңашылдық ұсыныстарды ортақ игілікке айналдырып жатады.

Мұнда келешегінен үміт күттіретін жастар жағы жеткілікті. Олардың аға буын өкілдерінен өзіндік ерекшелігі — қарапайым құрылғыдан гөрі құрылымы күрделі микропроцессорларға көбірек көңіл аударады, компьютердің «құлағында» ойнап, небір күрделі бағдарлама жасауға бейім. «Заманына қарай — адамы мен амалы» дейді, кезінде релені айналдырып-ақ «сауатын ашқан», сол білгенімен-ақ біліктілігін шыңдай отырып болашаққа берік қадам басқан ардагерлер жастардың бұл құлшынысын қызу қуаттайды.

Солай дегенмен де, нағыз «тісқаққан» тәжірибелі реттеушілердің қатарына қосылу үшін жас мамандарға кемі үш-бес жыл, кейде одан да көп уақыт тер төгуіне тура келеді. Оқу орнында алған білім өз алдына, күнделікті көзбен көріп, қолмен ұстағанның орны тіпті бөлек. Тек теориямен алысқа ұзай алмайсың. Бұл салаға «судай сіңіп, тастай батудың» басқа жолы жоқ.

Ал, қазіргі өндірістік процесті автоматика және физика-химия жабдықтары цехының қызметінсіз көзге елестетудің өзі қиын. Кен өндіруден бастап, оны байыту фабрикасында өңдеу мен мыс қорыту зауытында шақпақ мыс шығарғанға дейінгі аралықта бұл цехтың араласпайтын шаруасы жоқ. Өйткені, химия зертханасы барлық ірі кәсіпорында бар.

Оларда әртүрлі, негізінен шетелде шығарылған талдау жабдықтары пайдаланылады. Солардың қалыпты қызметін қамтамасыз ететін осы автоматика және физика-химия жабдықтары цехының ұжымы. Олардың қызметін керек кезінде компанияның медициналық орталығы мен дәрігерлік-санитарлық бөлімшесі, кеншілер қаласындағы №1 орталық аурухана да тұтынады.

«Қазақмыс» компаниясының құрамындағы бірнеше кәсіпорында ионды сәуле көздері қолданылады. Оларда санитарлық норманың сақталуын қадағалаумен кәсіпорынның радиацияны бақылау зертханасы айналысады. Бұл қызметтің қолданыла бастағанына қырық жылға аяқ басты.

Тек Гейгердің есептегіш машинасымен ғана мәселе түбегейлі шешімін таба бермейді. Сондықтан, зертхана қызметкерлері ғылым мен техниканың соңғы жетістіктеріне негізделген құралдармен жан-жақты «қаруланған». Айталық, олар қолданып жүрген дозиметр мен радиометрдің тектес түрі Қазақстанда сирек кездеседі.

Қала тұрғын үйлері мен кәсіпорындарын сумен және жылумен жабдықтау жүйесінің жұмысын іркіліссіз жолға қою — жылу-энергетика учаскесінің басты міндеті. Цех ардагерлері әзіл-шынын араластырып: «Бізге жұмысқа тұрғандар бастапқы жылын байқаумен өткізеді, келесі жылы ептеп бірдеңе түсіне бастайды, үшінші жылы ғана көңілге қонатын жібі түзу сауал қоюға үйренеді» дейді.

Бұл цехта жұмыс істеу жеңіл еместігін осының өзінен-ақ аңғаруға болады. Апат орын алған жағдайда діттеген жерге жедел жету, жылу беру маусымына дайындық барысында жылу жүйесінің жөндеуден өткен тораптарын қабылдау, тұтынушылармен және жылумен-сумен жабдықтаушыларымен тығыз байланыста жұмыс жасау, тағы сол сияқты толып жатқан қат-қабат шаруа жыл бойы толастамайды.

Бақылау-өлшеу жабдықтары және автоматика цехы «Қазақмыстың» барлық кәсіпорындарындағы жабдықтарға сервистік қызмет көрсетеді. Жылына жабдықтардың жүзден астам түріне күтім жасалады. Цехтың үш бөлімшесіндегі жиырма шақты маман осы міндетті мінсіз орындап келеді.

Тау-кен технологиясы және автоматика мамандандырылған кәсіпорнының күллі шаруасы жинақталып, атқарылған жұмыстың сапасы таразы басына түсетін жер — жабдықтардың стандартқа сәйкестігін сынайтын зертхана. Мұнда істейтіндердің қателікке ұрынуына, міндетіне жүрдім-бардым қарауына хақысы жоқ. Безбеннің бір басында метрологтың кәсіби біліктілігі тұрады.

Зертхана республикалық тізімге (реестр) тіркелген. «ISO:900» халықаралық стандарттарына сәйкес күрделі бақылау-өлшеу жабдықтарын сараптан өткізуге мүмкіндігі мен қабілеті бар екендігін дәлелдеп, әр үш жыл сайын сынақ тапсырады. Зертханамен бірге барлық қызметкері де біліктілігін безбендейді. Зертхана қазір жиырма түрлі жабдыққа кесімді қортынды бере алады.

Комментарии закрыты.