«Отырған қыз…»

Жымысқы саясат кәрі қыздың көңілін аулап: «Отырған қыз орнын табады» деп, мәнсіз мақалмен мәз қылып қойды. Бұрын қалай еді? Жасы кәмелетке жеткен қызды жеңгелері жігітпен таныстырып, күйеуге тиюіне мүмкіндік жасайтын. Кеңес кезінде осы дәстүрден жаңылып қалдық. Халықтың байырғы құндылықтарын жоюға барлық күш жұмсалды. Кино, театр, әдебиет, т.б. бәрі ұлттық дәстүрге қарсы жұмыс жүргізді.

Мәселен, халық күні бүгінге дейін көруден жалықпаған «Тақиялы періште» фильмін алайық. Ондағы шашын қырқып, қысқа юбка киген қыздар «современный» деп танылып, қала түгілі ауылға дейін еліктеу басталды. Сұрқия саясат қысқа юбка киген, жартылай жалаңаш қыз-келіншекті «білімді, мәдениетті әрі әдемі» деп мақтап берді. Осының жемісі: бұл күнде қызмет қуған, күйеуге шықпақ түгілі еркек атаулыны менсінбейтін жасы 25-тен асқан 300 мың кәрі қыз омалып отыр.

Бірде Еуразия Ұлттық Университетінде дәріс оқитын, сырт көзге сондай сұсты, тәккапар көрінетін ғалым апай мынандай әңгіме айтты: «Мектепте өте жақсы оқыдым. Ел: «Талантты, дарынды, зерек» деп аяқ-қолымды жерге тигізбей мақтады. Мектепті алтын медальға бітіріп, оқуға түстім. Енді бүкіл университет мақтады: «Тәртіпті, тәрбиелі, ғалым болады». «Лениндік стипендиант» атанып, қызыл дипломға бітірдім. Университетке оқытушы болып орналасып, кандидаттық қорғау қамына кірістім.

Тұрмыс құрып, бала-шағасымен шулап жүрген құрбыларыма мүсіркей қарап, оларды ақымақ санадым. Докторлық қорғағаннан кейін барып, тұрмысқа шығуды есіме алдым. Кеш қалыппын. Қатарым үйленіп кеткен. Той–томалаққа бара алмаймын. Сонымен өмір өте берді. Пәтер алған соң қалаған еркегіме тиіп алармын, деп ойладым. Бірақ, менің қиялымдағы еркектер маған қарамады.

Қазір елуден астым, бала тумайтын, отбасына бақыт сыйлай алмайтын мен сияқты сорлы кімге керек?! Менің алтын белгім, қызыл дипломым, докторлығым кімге керек?». Біз бұған дейін «төрт құбыласы түгел» деп ойлап келген сорлы әйелдің аянышты да, қайғылы жүзі, бақытсыз бейнесі жүрегімді ауыртты. Осыдан кейін: «Аллатағала мұндай өмірді қалған қыздардың басына бере көрме, елес қудырмай бақытын аша гөр!» деп үнемі дұға тілейтін болдым.

Кәрі қыздың қаптап кетуі жақсылық емес. Әрі-беріден соң бұл ұлтқа қатер. «Отырған қыз орнын табады» деген өтірік. Отырған қыз орнын таппайды екен.

Комментарии закрыты.