Отан қорғаушылар күні мерекеленді

20160513-03-04«Даңқ» алаңында – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған қала әкімі А.Ыдырысов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Т.Хмилярчук бастаған қалалық мекеме, ұжым басшылары, қаламыздың күштік құрылымдары мен мектептердің «Жас Ұлан» патриоттық жасақтары, әскер қатарына шақырылған азаматтар және қала жұртшылығы қатысты.

Мерекелік жиынды қала әкімі Асқар Ыдырысов құттықтау сөзбен ашты.

– Елбасы Н.Ә.Назарбаев “Біздің бір ғана Отанымыз бар – ол тәуелсіз Қазақстан”, деген болатын. Осы аталы сөз біздің бойтұмарымыздай болуы тиіс. Шекарамыздың бекемдігі, аспанымыздың ашық, ел бақытының баянды болуы – Отан қорғаушылардың қолында.

Тәуелсіздігіміздің тірегі бекем, тұғыры биік болсын десек, жас ұрпақты білімді де саналы етіп тәрбиелеу – сіздер мен біздердің басты міндетіміз, – деді.

Шағын ресми шарадан соң қала басшысы қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқан бір топ азаматтарды қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Сондай-ақ, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде қосқан қомақты үлесі үшін №10 жалпы білім беретін мектептің директоры С.Баймағамбетовке “Авиация генерал – майоры Т.Бигелдинов атындағы” медальді салтанатты түрде табыс етті.

Мерекелік салтанатта қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Р.Шәкерханов жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтап, қалалық күштік құрылымдардың бір топ азаматтарын «Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин» медалімен, Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің мұғалімі Ж.Құлтаеваны «Офицер жұбайы» медалімен марапаттады.

Салтанатта сондай-ақ, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғалы тұрған 12 сәтбаевтық азаматқа сәт-сапар тілеп, ескерткіш сыйлықтар тапсырылды.

Мерекелік жиын қалалық күштік құрылымдар қатарына жаңадан алынған қызметкерлердің ант қабылдауымен аяқталды.

Комментарии закрыты.