Өзекті мәселелер көтерілді

Қала әкімдігінің мәжіліс залында Сәтбаев қаласы әкімінің жанындағы қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Оған қала әкімінің орынбасарлары мен қалалық мекемелердің басшылары және кеңес мүшелері қатысты. Отырысты қоғамдық кеңестің төрайымы М.Мәдиева ашып, жүргізіп отырды.

Кеңес отырысында қалалық бюджетке енгізілетін толықтырулар мен өзгерістерге, бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізетін орындарды белгілеу және кеңестің ішкі жұмысына қатысты мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары А. Ким баяндама жасады. Онда қаланың 2016 жылға арналған бюджетіне енген бірқатар толықтырулар мен өзгерістер сөз болды. Баяндамашының айтуынша, биылғы жылы салықтан өзге де түсімдерден кіретін кірістердің қалаға тиесілі мөлшері артқан. Соның нәтижесінде әлеуметтік сала бойынша, атап айтқанда, білім беру мен тұрғын үй-коммуналдық салада бірқатар жұмыстар жасау жоспарланған. Оларға арнайы қаржы да бөлінбек.

Кеңес мүшелері осы бөлінген қаржылар мен атқарылатын жұмыстарды одан әрі пысықтап, өз ойларын ортаға салды. Олар әсіресе, қала көшелеріндегі жолдарды жөндеу жұмысының сапасына баса назар аударуды атап өтті. Жөндеу жұмыстарының кестесін алып, оған кеңес мүшелерінің ұдайы бақылау жасап отыратыны айтылды.

Отырыста сондай-ақ, қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының шығындарын жабу мен тариф мәселесі де сөз болды. Қоғамдық кеңес мүшелері құзырлы орындар арқылы кәсіпорынның кейбір шығындарына уақытша мораторий жариялауды сұрау қажет деген өздерінің ұсыныстарын да білдірді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Жайлаубаев хабарлама жасады. Оның айтуынша қала аумағында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу үшін арнайы үш орын белгіленген екен.

Қоғамдық кеңес мүшелері бұл мәселеге де қатысты өз ойларын айтып, бөлінген кейбір алаңдардың халыққа қолайлы болуы үшін ой-қырын тегістеу қажеттігін алға тартты.

Жалпы қоғамдық кеңестің отырысында өзекті мәселелер көтеріліп, ой-пікірлер айтылды.

Комментарии закрыты.