Майдангер қарт 97 жаста

Кешегі 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының дүмпуі әлемді дүр сілкіндіргені тарихтан белгілі. Төрт қыс, төрт жаз аңсап күткен Жеңістің туы 1945 жылдың  мамыр айында Рейхстагқа тігілді. Содан бері, міне, арада 66 жыл өтті. Осы қан құйлы соғыстың куәгерлерінің қатары жыл сайын сиреп барады.

Ел үшін жан алысып, жан беріскен майдангер аталарымыздың ерлік істерін келешек ұрпаққа дәріптеп, бір сұхбаттасып қалғанның өзі үлкен өнеге. Сондай өмірі өнегеге толы жанның бірі  – Ұлы Отан соғысының ардагері, қарт жауынгер, ұстаз Махатов Әбіләш ақсақал.

Ұлытау ауданы Қаракеңгір совхозында 1914 жылы 23 ақпанда дүние есігін ашқан  Әбіләш Ерденұлы көзін тырнап ашқаннан көргені қиындық пен ауыртпашылық болды.  1930-32 жылдары Қарсақбайда ФЗО-да оқып жүріп, еңбекке араласты.

Қазақты қынадай қырған ашаршылықты да бастан өткерді. Бірақ, бұл зобалаң жылдар жас жігіттің  сағын сындыра алмады. 1935 жылы Ташкенттегі САГУ рабфакты, 1938 жылы Шымкент қаласындағы екі жылдық мұғалімдер даярлайтын институтты тәмамдады.

Ол еңбек жолын 1941 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауылында математика пәнінің оқытушысы болып бастайды. 1941-42 жылдары Арыс ауданында Киров атындағы орта мектепте қызмет атқарып жүргенде, ел басына қатер төнген жылдары майданға жарамды азаматтардың қатарына ілігіп, соғысқа аттанады.

Уфа қаласында пулеметшілер  курсыннан өтіп, сержант атағын иеленеді.

Венгрияны, Болгарияны, Югославияны, Австрияны фашистік басқыншылардан азат ету ұрыстарына қатысады. 89-артиллериялық полктың взвод командирі болды.

– Елдің  тыныштығы мен болашақ үшін шыбын жанымызды шүберекке түйіп, жауменен күш-қуатымыздың жеткенінше күресіп, елді басқыншылардан азат еттік. Жермен жексен болған талай деревня мен селоларды, зар жылаған тұрғындарды азат ету жолында өлімге де дайын едік. Үмітіміз ақталды. 1945 жылдың 9 мамыры күні Жеңістің ақ таңы арайлап атты. Осы жылдың қазан айында елге аман-есен оралып, ұстаздық жолымды жалғастырдым, – дейді қарт майдангер.

Елге оралғаннан 1971 жылы зейнектерлікке шыққанға дейін Жезқазған кентіндегі орта мектепте  мұғалім, мектеп басшысының оқу ісі жөніндегі орынбасары, кешкі мектепте директор болып қызмет атқарды.

Ақсақалдың құдай қосқан қосағы Күләнда әжей де білім саласында еңбек еткен жан. Алайда, өмірдің дәм-тұзы таусылып, асыл жарының бақиылыққа өткеніне он алты жылдың жүзі болыпты.

Қарт майдангер бүгінде шаңырақтың иесі, кіші ұлы Бауыржан мен келіні Зәуренің қолында. Жарының өмірге әкелген тоғыз баласының бесеуінен тараған немере, шөберенің қолынан су ішкен қарт өзін бақытты санайды. Жатса-тұрса ойлайтыны – ел тыныштығы мен жастардың амандығы.

«Ұлы Отан соғысы» ордені, «Кеңес одағының маршалы Т.Ж.Жуковтың», «Берлинді алғаны үшін» медальдары  мен «Үздік артиллерист» белгісі, сондай-ақ Жеңіс мерекесіне арналған мерекелік медальдар  ерлік істерінің айғағы.
Бір қаланың Құрметті азаматы атағын иеленген қарт майдангердің Жеңіс күнін жақындатуға қосқан орасан зор ерлігіне құрмет пен ізет ешқашанда ұмытылмақ емес.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.