«Отандас, өзіңді қамшыла!»

Жерге иелікті сақтап қалу үшін еңбекке жұмылған жөн. Ауылдағы шашыраңқы шаруа қожалығынан бірлескен одақ құру қажет. Ұсақ қожалықтар қуатты техника алуға қауқарсыз, жеңілдетілген қаржылық жәрдемге қол жеткізе алмайды.

Ортадан шыққан іскер, адал азамат қуатты техника сатып алып, МТС ұйымдастырса. Мәселен, бір жігіт он шақты шаруамен еңбек шартына отырып, соның негізінде бизнес-жоба жасайды. Банктер оған сол бизнес-жоба негізінде жеңілдетілген несие беріп, техника алуға көмектеседі.

МТС өз кезегінде жыл сайын көктемгі егісте, жазғы жер өңдеуде және күзгі орақта жер иесіне еңбек шартымен қызмет көрсетеді. Жер иесі қызмет көрсетушімен есеп айырысқаннан соң тұқымдығын сақтауға өткізгеннен кейінгі таза пайданы иеленеді. Осылай жер иесі жерді еншісінде ұстайды. Оған Отаным деп қарайды.

Ал, соңғы жылдары ауылға барған сайын байқайтыным: еріншектік, немкеттілік, бойкүйездік белең алып барады. Мұның бәрі сенімге селкеу түсуінен. Жұрттың бәрі бірдей белсенді емес, оларды ұйымдастыру керек. Әйтпесе, айта берген ертегіден де адам жалығады.

Баяғыда жер жетпей кеңшарлар керілдесіп жататын. Қол күшінің тапшылығынан науқан кезінде қала кәсіпорындарынан жұмысшы жинайтын. Орақ уақытында бейсауат техника жүрмейтін. Жұрттың бәрі егін жинауға жұмылатын. Мекеме қызметкері галстугін шешіп тастап, комбайн штурвалына отыратын.

Бүгінде бір кездегі мыңғыратып мал баққан елден атқа мінер бақташы таппай қалдық. Бәрі телесериялдағы бай секілді өмір сүргісі келеді, бірақ оған қалай жетуді білмейді. Миллиондап, миллиардтап ақша ұрлап, әшкереленіп жатқанды естіп, ішің ашиды.

Қазір қытай қаптайды деген үрей пайда болды. Қытайға керегі тамақ шығар. Сол тамақты өзіміз өндіріп, неге қытайлықтарға сатпаймыз? Оларды «үйге» кіргізбей-ақ, «терезеден сату» саясатын неге ұстанбаймыз?

Бауырым, еңбекке бұрылайық! Үкіметтен еңбекке жағдай жасауды сұрайық. Талап етейік. Ал, саусақты қимылдатпай «Қабанбай!», «Бөгенбай!» деп ұрандай бергеннен ештеңе шықпайды. Батыр бабалардың «мазасын» алғанша, өзімізді өзіміз қамшылайық.

Комментарии закрыты.