Нақты ұсыныс жоқ

Редакциямызға күн сайын алуан тақырыптағы хаттар, әр түрлі мәселелерді көтерген телефон қоңыраулары келіп жатады. Солардың қатарында қала көшелерінің атауларын жаңғырту, нақтырақ айтқанда елімізге, аймағымызға белгілі азаматтардың есімін беру мәселесін көтерген қоңыраулар да бар. Мәселен, өзінің есімін атамауды өтінген қала тұрғыны «Комаров көшесін неге аймағымызға белгілі азаматтың есімімен атамайды. Осы бағытта жергілікті билікте нақтылы жоспар бар ма?» деген сауал жолдаған екен.

Біз осы сұрақты қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне жолдаған едік. Ондағы мамандар төмендегі мәтінде жауап жіберді:

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің Ғ.Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің 2010 жылғы 9 желтоқсандағы № 66-982 хатына байланысты Комаров көшесін Ғазиз Омаров көшесіне ауыстыру бойынша «Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ-сінде біраз жұмыстар жасалған-ды. Алайда, заңдық тоқтамдарға байланысты бұл мәселенің шешімі шықпаған. Өйткені, бір қалада бір кісінің есімімен екі не одан да көп нысандарды атау заңға қайшы. Ал, ол кезде Ғ.Омаров атында шахтапроходкалау тресі болды.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматуллиннің 2015 жылғы 30 қаңтардағы хатына сәйкес, объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау мәселесі 2016 жылға дейін тоқтатылғанын және аталған мәселенің заң актілерінің өзгеруіне байланысты уақытының өтіп кеткендігін ескертеміз.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаевтың 2015 жылғы 16 сәуірдегі №20-56/И-204 Кеңес Одағы батырларының және бірқатар ордендермен марапатталған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін көшелерге, объектілерге және т.б. беруді тоқтамнан тыс жүзеге асыру туралы тапсырмасына негізделген 2015 жылғы 4 маусымдағы Қарағанды облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Г.Қаңтарбекованың хатына сәйкес, ономастикалық нысандарға (объект, көше, т.б.) Кеңес Одағы батырларының және бірқатар ордендермен марапатталған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін беру жұмыстары ұйымдастырылды. Атап айтсақ, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында хабарландырулар жасалды. Сәтбаев және Жезқазған қалалық Қорғаныс істері бөлімдеріне, мұрағаттарына хаттар жолданды. Нәтижесінде 16 Ұлы Отан соғысы ардагерінің есімін беру туралы өтініш түсіп, мәліметтер жинақталды. Сәтбаев қаласы әкімдігінің отырысына шығарылды. Мәслихатта көпшілік тыңдау өткізілді. Сәтбаев қаласы әкімдігінің қаулысы мен қалалық мәслихаттың шешімі республикалық ономастикалық комиссияға жолданды. 2015 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде Сәтбаев қаласының 72 орамындағы атауы жоқ екі көшеге Әбсамат Тәжбенов пен Мүслім Нұрышевтің есімдері берілді. Ал, Комаров көшесін ауыстыру туралы нақтылы ұсыныс болған жоқ».

Комментарии закрыты.