Нақтылы тапсырмалар берді

Сейсенбіде өткен қала әкімінің кеңейтілген аппараттық жиыны жағымды жаңалықтармен басталды. Жылу беру маусымының ойдағыдай аяқталуына орай, осы саланың бір топ мамандары облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Оны қала әкімі А.Ыдырысов салтанатты түрде табыс етті.

Осы шағын ресми шарадан соң жауапты тұлғалар апта ішінде атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді. Алғашқы болып сөз алған қала әкімінің орынбасары А.Ким қала бюджетінің жай-жапсары жайлы және бюджет қоржынына түсуге тиісті түрлі түсімдердің барысы туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі.

Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың төрт айында бюджеттің кірісі мен шығысы қалыпты жағдайда. Қазірдің өзінде жоспардың орындалысы 99,5 процентті құрайды. Алғашқы жарты жылдықта да осы үрдістен көрінеміз дейді орынбасар.

Әйтсе де, қоржынға түсер түсім мардымсыз болып шықты. Алғашқы төрт айда жылдық жоспардың орындалысы 24 проценттің төңірегінде ғана.

Қала басшысы бұл салаға жауапты тұлғаларды тұрғызып, мән-жайды анықтап, нақтылы тапсырмалар берді.

Жиында инфляцияны тұрақтандыру, бағаны тұзақтау мәселесі де тыңдалды. Бұл бағытта қалада біршама жұмыстар атқарылып жатқан сыңайлы. Әйтсе де, әкім оның нәтижесіне қанағаттанбады. Әсіресе, жәрмеңкені ұйымдастыру мен ондағы бағаны тұрақтандыруда жұмыстың әлі де жетімсіз екенін тілге тиек етті. Әкімдік тарапынан бақылау жүргізгенде бір баға, бақылаушылар кеткеннен кейін тіпті басқа, көтерме баға қойылатынын айтып, барлық мекеме басшыларын бұл іске атүсті қарамауға шақырды. Осы бағытта жергілікті полицияның басшысына да талаптар қойып, жәрмеңкеде қоғамдық тәртіпті ғана емес, бағаға қатысты тәртіп бұзушылыққа тосқауыл болуды қадап айтты. Бұл іске тіпті депутаттар корпусын тартуды да сұрады.

Күн тәртібіндегі мәселе – мүлікті жария ету бағытында насихат жұмыстары бойынша алдыңғы лекте жүрсек те, жария етілген мүліктер жағынан кенже қалып жатқанымыз да сөз болды.

Аппараттық жиынның қорытындысында Асқар Ыдырысов күн тәртібінде қаралған осы мәселелер бойынша кемшін тұстарды түзетуге нақтылы тапсырмалар берді.

Комментарии закрыты.