Бақылауға алынды

Қала әкімі Асқар Ыдырысов қаланың коммуналдық саласына баса назар аударып отыр. Осы бағытта мөлтекаудандарды аралап, тұрғындармен кездесіп, жұмыс барысымен етене танысуда. Өткен аптада қала басшысы №2 мөлтекауданда болып, ондағы санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының жай-жапсарын бақылады.

Соңғы кездері қаланың қай аумағында болмасын санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының көп кенже қалғаны жасырын емес. Қала әкімінің есепті жиынында да осы мәселелер әңгімеге өзек болған еді. Мұндай олқылықтар №2 мөлтекауданда да аз болмай шықты. Аулалардағы жолдардың тозығы жеткен. Көктем мен күзде, тіпті жазғы жауын күндерінің өзінде көлкіген судан аяқ алып жүру мұң. Жиналған су жертөлелерге құйылып, қысы-жазы қолқа қапқан иіс тұрғындарды мезі етіп біткен. Оған уақытылы тазаланбайтын, тасылмайтын күл-қоқыстан шығатын жағымсыз иісті қосыңыз.

Мөлтекаудан тұрғындары қала басшысын осындай шағымдармен қарсы алды. Олар тіпті фото айғақтарды да жайып салды. Бұған дейін де жауапты тұлғаларға шағымданған екен. Бірақ одан еш нәтиже болмағанын тілге тиек етті.

Қала басшысы тұрғындардың шағымына орай «Қайсар», «Көмек» пәтер иелері кооперативтері мен №3 тұрғын үй-коммуналдық цехының басшыларына нақтылы тапсырмалар берді. Орын алған олқылықтардың орындалысы бақылауға алынатынын айтты. Сондай-ақ, айтылған кемшіліктерді шұғыл шешіп, оның орындалысын қадағалауды өзінің осы салаға жауапты орынбасары Болатбек Жақсыбаевқа жүктеді.

Орайлы сәтті пайдаланған әкім аулалардың санитарлық талапқа сай болуы, көгалдандырылуы мен абаттандырылуы тек ПИК-тер мен ЖКЦ-лардың құзырында емес, тұрғындар тарапынан да жауапкершілікті талап ететінін жеткізді.

Комментарии закрыты.