Жол жөндеуде кемшіліктер анықталды

Қыруар қаржы жұмсалып жөнделеген жолдар жыл өтпей жатып істен шығып қалуда. Жұрттың жүйкесін жұқартқан осы бір іске бүгінде қоғамдық ұйымдар да назар аудара бастады. Апта басында Сәтбаев қаласы әкімінің жанындағы қоғамдық кеңес мүшелері шаһар көшелерінде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді.

Құрамында қоғамдық кеңес мүшелері мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар арнайы топ Ерден көшесіндегі жұмыс барысымен танысып, бірқатар кемшіліктерді анықтады. Топ мүшелері әсіресе, ой-шұқырды қайта тегістеу жұмыстарының сапасына мін тағып, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Д.Мейрбекке кеткен кемшіліктерді жуық арада реттеуді тапсырды. Сонымен қатар, әр күнгі атқарылған жұмыстардың орындалу актісінің болуын талап етті.

Қадағалаушы топ сондай-ақ, мердігер компанияның өкіліне жол жөндеу жұмыстарының басталмай жатып сыр беріп жатқанын алға тартты. Әсіресе, асфальт құю ісінде қарапайым технологиялардың сақталмай отырғандығын ескертті. Осы орайдағы кемшіліктерді қалпына келтіріп, жұмыстың сапасына назар аударуды қатаң тапсырды.

Орайы келгенде айта кетейік, қала жолдарын ағымдық жөндеуден өткізуге қатысты тендерді қарағандылық «АрмСтрой» ЖШС жеңіп алған екен.

Рейдтік шара барысында қоғамдық кеңес мүшелері асфальт құю зауытының жұмысымен де танысты. Мұнда да зауыт орналасқан аумақтағы тазалық жұмыстарына қатысты кемшіліктердің басы шалынып, ескертулер айтылды.

Жалпы қала бойынша биыл 10 мың шаршы метр жолдың ой-шұқырын тегістеу жоспарланған.

Алдағы уақытта да кеңес мүшелері жол сапасын бақылауда ұстамақ.

Комментарии закрыты.