Үздіктерге марапат

20160527-02-4«Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының ұйытқы болуымен ұйымдастырылып келе жатқан «Үздіктер слеті» биыл да жалғасын тапты.

Жұма күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында 2015-2016 оқу жылындағы үздіктер марапатталып, құрмет төріне көтерілді. Оқуда озат, қоғамдық жұмыстарда белсенді шәкірттерге «Жас талант», «Жыл көшбасшысы», «Қала мақтанышы», «Озат түлек», «Жыл үздігі» номинациялары берілсе, бірқатар балабақшалардың тәрбиеленушілері «Жұлдызды бүлдіршін» атағына ие болды. Салтанатты шараның соңғы сәтінде қала басшысы Асқар Ыдырысов пен «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Бауыржан Шыңғысов үздік оқушыларымызды марапаттарымен құттықтап, ағалық ақ тілектерін жолдады.

Бауыржан Қабденұлы «Жастар – Отанға» жобасы аясында үшінші мәрте өткізілген слеттің маңызына тоқтала келіп, үздіктерден оза шыққан №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Бақытжан Садырбаевқа «Жыл оқушысы» атағы мен екі жүз мың теңге ақшалай сыйақыны тапсырды.

«Алтын белгіге» үміткер атанып отырған Бақытжан өзіне артылған сенімді ақтайтынына сендірді.

Комментарии закрыты.