Аға аманаты

Бүгінде «Шеңбердің» шеңберінде шыр айналдырып, шырайын шығарған шағын шаруашылықты Болат Жұмабеков ағасының аманатына балайды. Оның да өзіндік себебі бар.

Шөбі шүйгін, тастақты топырағы бұлақтың тұнық суынан нәр алған мына «Малмоладағы» шаруашылықтың негізін қалап, сонау тоқсаныншы жылдардың алғашқы жартысында тұсауын кескен ағасы Қайрат еді. Нағыз еңбек үшін жаратылған жан болатын. Қара үзіп кетпесе де, осы өңірдегі «мынау» деген фермерлердің қатарынан көрінді.

Тағдырдың маңдайына жазған ғұмыры сол шығар, 2003 жылы кенеттен бақилық болды. Ойланып жүруге уақыт қайда, ағасын қара жердің қойнына беріп, өлім-жітімнен сау өзекті жанға қол жайып, құран бағыштағаннан басқа қам қалмаған кезде Болат «темір тұлпардың» тізгінін шаруашылықтың жыл он екі ай жалғасып жататын қауырт қарекетіне айырбастады.

Содан бері жұбайы Бағлан екеуі төрт түлік малды айналдырып келеді. Жылқы үйірге жетті. Ірі қара көбейіп келеді. Отарға жетеқабыл ұсақ тұяқ тағы бар. Әйтеуір, кешкілік төрт түлік мал ауыл үстін азан-қазан қылады. Жайлаудың жарасымы да сол. Құдайға шүкір, ағайын-туыс баршылық. Шаруаның бір жағын солар еңсереді. Төл төгіні, мал азығын дайындау сияқты науқанда аға-іні қашанда қасынан табылады.

Таяуда жайлауға жол түсті. Ауыл маңында жеке жайылып жүрген бұзаулар көзге шалынғанда, «сиыр сауатын болды-ау?!» деп, кәдімгідей іш жылып қалды. Әйтпесе, қазір ауылда отырып дүкеннің сары майын қаладан алдыру қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны жасырын емес. Ал, көлеңкедегі желіде жатқан құлындарды көргенде, таза риза болдым.

Береке-ырысы тасыған нағыз қазақы ауылды көптен көрмегендікі ме, кең дастархандағы сары май мен балқаймақ, қыстан қалған сүр қосылған ет пен иісі танауды жарған қышқыл қымыз әлі түсіме кіріп жүр…

Комментарии закрыты.