Тіл мәселесін көтерген кездесу

Өткен бейсенбіде Б.Бұлқышев атындағы орталық кітапханада Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, сазгер, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Бақытқали Мұсабековпен кездесу өтті. Кездесуге Сәтбаев қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Г.Есмұрзаева және қала тұрғындары қатысты.

–    Қазақ тілі құлашын кең жазып, мемлекеттік мекемелерде іс жүргізу мемлекеттік тілге көшіріліп, нақты қадамдар жасала бастады. Сондықтан да болар, бұдан былайғы уақытта да қазақ тілінің мемлекеттік статусын одан әрі нығайту үшін, тіл мәселесін – ұлт мәселесі деп түсінетін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қазақ тілінің мәртебесін өз дәрежесіне, яғни Ту, Елтаңба, Әнұран тәрізді мемлекеттік нышандардың қатарына көтеру жөнінде өте орынды мәселені көтерген болатын. Осы орайда біздің әрқайсысымыз мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге байланысты аянбай қызмет істеуіміз керек, – деп бастады сөзін Б.Мұсабеков.

Осыдан соң ол қатысушыларға халық ауыз әдебиетінен, Бұқар жырау, Сырым батыр, Мөңке би, Төле, Әйтеке және Қазыбек билерден қалған көптеген аңыз-әңгімелерді баяндап берді. Ұлы бабаларымыздан қалған асыл мұраларды айта отырып, оны қазіргі кездегі жағдаймен ұштастырды.

Сонымен қатар, Б.Мұсабеков тіл саясатына байланысты шығарған «Жүрек лебізі» атты кітабын кітапхана ұжымына тарту етті.

Кездесу соңында Гүлсім Пазылқызы барлық қала тұрғындары атынан алғысын білдіріп, Б.Мұсабековке шығармашылық табыс тіледі. Содан соң Сәтбаев қаласының 35 жылдығына арналған кітапты сыйлады.

Бұл кездесуге жиналған қауым ауыз әдебиетінің қайнар бұлағынан сусындады.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.