Тіл мәртебесі – ел мерейі

«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» шеңберінде мемлекеттік тілдің деңгейін көтеріп, болашағын баянды ету жолында қаламызда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Оны мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мадинат Игенберлина әңгімелемек.

– Мадинат Балтина, мемлекеттік бағдарламаның бағыттары мен оны жүзеге асырудағы жұмыстарға тоқталсаңыз.

– Аталмыш бағдарлама негізінен мемлекеттік тілді меңгеру, көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және пайдалану аясын кеңейту, қазақстандықтардың тіл мәдениетінің деңгейін арттыруды, сондай-ақ, лингивистикалық капиталды дамытуды көздейді.

Осы тұста бірінші бағытқа кеңінен тоқталып өтсем, 2010 жылдың маусым айынан бастап, оқу-әдістемелік кабинеті жұмыс істейді. Мұнда 2 оқу кабинеті бар. Кабинеттер қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мемлекеттік тілге оқытумен бір әдіскер және екі оқытушы айналысады.

2016 жылғы қаңтар-наурыз аралығында – 52 адам, сәуір-маусым аралығында 57 адам мемлекеттік тілге оқумен қамтылды. Мемлекеттік тілге оқытумен қамтылғандар санының жыл сайын динамикалық өсуі байқалады.

– Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі «ҚАЗТЕСТ» жүйесі арқылы анықталатыны мәлім. Бұл бағыттағы нәтиже қалай?

– Иә, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі тек қана «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша тест тапсырып, сертификат алғандар саны бойынша есептеледі. Ағымдағы жылдың 19 мамырында 57 адам диагностикалық тестен, 10 адам сертификаттық ақылы тестілеуден өткізілді.

– Биыл «Мәңгілік Ел» патриоттық актісіне арналған жалпықазақстандық ашық диктант өткізілді. Бұл айтулы шараға кімдер қамтылды және олар оң нәтиже көресте алды ма?

– Ашық диктантқа қатысушылар қатарында этномәдени бірлестік­тердің өкілдері, мемлекеттік және азаматық қызметкерлер, студенттер мен жалпы ниет білдіруші тұрғындар болды.

Диктант жазуға қатысқандардың жалпы саны 1359 адамды құраса, олардың 443-і үздік көрсеткішке, 538-і жақсы деген бағаға ие болған. Ал, 328-і қанағаттанарлық деңгейде білім көрсеткен.

– Жарнамалар жайында не айта аласыз?

– Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі 2016 жылдың наурыз-сәуір және сәуір-мамыр айлары аралығында «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық!» атты айлық жариялап, меншік иесіне қарамастан, қаламыздағы нысандардың маңдайшаларындағы жазудың, сыртқы жарнамалардың, көрнекі ақпараттардың, хабар­ландырулардың, мекемелердің мөрлері, мөртабандары, бланкілерінің арнайы заңнамаларға сәйкестігі тексерілді.

Рейд барысында 356 нысан тексеріліп, олардың жарнамалары мен тақтайшаларында жазу реті сақталмағаны, грамматикалық қателер мен тек орыс тілінде рәсімделгені, қаріптердің әр түрлілігі анықталды.

Қаламызда кейбір нысандардың атауы жазылмаған.

Бүгінгі таңда «Даму» және «Вектор» дизайн студияларына келіп түскен тапсырыстар мен жеке кәсіпкерлердің жарнама жобалары біздің бөліммен келісіп жасалатын болады.

«Е-лицензиялау» бағдарламасы бойынша база жасау қолға алынды. Бақылау кезінде де, көрнекі ақпараттарды бөліммен келісу кезінде де әдістемелік көмек көрсету мақсатында, меншік нысандарының өкілдерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.