Қазақстан — бірліктің бесігі

Қымбатты сәтбаевтықтар!

Сіздерді көктемнің ғажайып та жарқын мерекесі – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл мереке әрқайсымыз үшін бірлігіміз бен саяси тұрақтылығымыз арқылы қол жеткізген табыстарымызбен ерекше қымбат. Бейбітшілік пен жасампаздықтың жиырма жылы ішінде көпұлтты Қазақстан халқы бірлік пен ынтымақты нығайтудың теңдесі жоқ тәжірибесін жинақтады.

Бірлік, төзімділік және ұлтаралық келісім сынды құндылықтар Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ ел дамуының бастауы болды. Ұлт Көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында республикамызда 130 ұлт өкілдері бейбітшілік пен келісімі жарасқан бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ортақ үйіміздің болашағын құруда. Этносаралық және конфессияаралық келiсiмнiң тұрақтылығын нығайтуда Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының қосар үлесі мол.

Киелі қазақ жерін мекен еткен халықтың көркеюі, этносаралық бейбітшілік пен келісім – біздің басты байлығымыз. Ол барша қазақстандықтардың ақыл-парасатымен, еркімен, қажырлы еңбегімен және сенімімен сақталып, еселенеді. Сәтбаевтықтар да  барлық отандастары секілді күнделікті еңбектерімен, туған қаласын көркейтуге деген жігерімен еліміздің дамуы мен тұрақтылықтың сақталуына өз үлестерін қосуда. Қаламыздағы этномәдени орталықтардың мүддесі бір мақсатқа – ұлттық салт-дәстүрлерді сақтауға және дамытуға, халықтар арасындағы достықты нығайтуға бағытталған.

Құрметті жерлестер!

Күрделі міндеттерді шешудің негізі бірлікте екендігін жадымыздан еш шығармай, достық пен келісім арқылы ғана Қазақстанды биік белестерді бағындыратын еңселі мемлекетке айналдыра аламыз.

Сіздерге шын жүректен зор денсаулық, отбасылық бақыт, бейбітшілік және игілік тілейміз. Қазақстан халқының бірлігі мерекесі – сенімімізді нықтайтын, үмітімізді ұштайтын ортақ салтанат мерекесі болсын!

Сәтбаев қаласының әкімі  С.Т.Медебаев.

Қалалық мәслихат хатшысы С.С.Имамбай.

Комментарии закрыты.