Ұжымдасқан ұтады…

Қала әкімі Асқар Ыдырысовтың қала тұрғындарымен кезекті кездесуінен кейін осындай ой түйдік. Бұл жолы атқарылған жұмыс жөнінде «Сәт-Тазалық» ЖШС №4 тұрғын үй-коммуналдық телімінің (ТКТ) бастығы Айнаш Сыздықова есеп берді. Кездесуге жергілікті билік өкілдерінен басқа, қаладағы қоғамдық кеңес мүшелері мен №7 мөлтек аудан тұрғындары қатысты.

Кездесу тізгінін қолға алған қала әкімі есептен соң алдымен мемлекеттік орган өкілдері мен қоғамдық кеңес мүшелері қойған сұрақты саралап, сосын тұрғындарды тыңдауды ұсынды. Менің ойымша, қоғам белсенділері Алаш Тұрлыбек пен Марал Мәдиева көпшіліктің көңілінде жүрген сұрақты көлденең тартты.

Айталық, адам шақыртқаны үшін неге ақы алынуға тиіс? Көп қабатты тұрғын үйде комитет құрудың орнына бәрін бір адамға жүктей салатыны қалай? Апат орын алған жағдайда сол тікқұбыр ғана емес, тұрғын үй толық тоқтатылатыны несі? Көпке ұялмай көрсететіндей «Үлгілі үй» мөлтек ауданда неге анықталмаған, «Бәрі жақсы!» деген жалпылама жауап кімге керек?

Алынған жауаптың ауанын аңдаған Асқар Ыдырысов адам шақыртқан тұрғынның тұрғын үй-коммуналдық телімге ақы төлеуінің қаншалықты қисынды екенін тексеруді тиісті бөлімге тапсырды. Сондай-ақ, апатты жағдайда қалған қызметті қаңтарып қоймау үшін әр тікқұбырда дербес бұранда болуы керек екендігін атап көрсетті. Тұрғын үй комитетіне қатысты әңгіменің арнасын әкім әрі қарай былай кеңітті:

— Тұрғын үйді мемлекет қаржысы есебінен күрделі жөндеуден өткізуге мүмкіндік беретін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына қатысу үшін әр үйден кондоминиум құру керек. Бұл бағытта жөнді жұмыс жүргізе алмай отырғанымызды кездесу сайын қайталаймын. Үйдің құжатын ретке келтіріп, тіркеуден өту қиын ба? Құлық жоқ! Әйтпесе, мына мөлтек ауданда екі ғана кондоминиум құрылғанын басқаша қалай түсінуге болады?

Кезек тұрғындарға келгенде әркім өзінің мұң-мұқтажын күйттеп кеткеніне түсіністікпен қарауға болатын да шығар, алайда қала әкімі бей-берекет шулағаннан мәселе оңтайлы шешілмейтінін қадап айтты. Сондықтан, ұжымдасқан, ұйымдасқан ұтатынын ұғынатын уақыт жетті. Бұл жерде ТКТ ұйтқы болуға, жан-жақты түсінік жұмысын жүргізуге тиіс.

Әйтпесе, тұрғындардың басы бірігуі қиын. Бұл тұрғыда төбе құю мен жертөлені иістен арылтуды мысалға келтірді. Төбеден сорғалаған тамшының зарын тартқан — жоғарғы және борсыған судың иісі қолқаны атқан төменгі қабаттағыны кім мәмілеге келтіреді? Жұмысты кім ұйымдастырады, мердігерді кім табады? Әрине, ортадағы қабаттарда отырған емес, ТКТ! Өкінішке орай, есептен ондай игі іс туралы ештеңе естілмеді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.