Ниет — түзу, нәтиже ше?

Былтыр желтоқсанда жаңартылып қабылданған «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның шапағаты тиді ме, әлде бес миллион теңгеге бағаланған шаруаны екі миллионмен-ақ еңсеруге бел байлағаны еліктіріп әкетті ме, әйтеуір қаладағы жасыл желекті химиялық өңдеуге қатысты тендерде биыл оңтүстік өңірдегі «Созақ аудандық Ауғанстан соғысы ардагерлері және мейірім қоры» қоғамдық бірлестігі жеңіске жетті.

Қазір кеншілер қаласы үшін ең қауіптісі — жүрген жерінде жасыл желекті жайпап кететін мүркөбелек. Сосын қарағаштың жапырағынан басқаға қарамайтын тағы бір түрі. Екеуін де құрт кезінде құртпаса, күзге қарай көбелекке айналғасын, бой бермей кетеді. Суғарудағы салғырттықтан онсыз да соры қайнап тұрған ағаш-бұтаның жапырағына жаудай тиеді. Демек, жасыл желекті жазда сапалы химиялық өңдеуден өткізу — өте маңызды.

Жасыл желекті күтіп ұстау мен химиялық жолмен өңдеудің де өзіндік жөн-жосығы бар. Мәселен, жаңбырлы немесе желді күні жүргізілген дәрілеудің тиімділігі төмен болады. Сосын адамды уланудан сақтандыру мақсатында дәрілеу ерте таңмен таласа және кешкілік күн ұясына қонғанда жүргізіледі. Белгіленген тәртіпке сай жалпы жылына екі рет өткізіледі.

Сонау Созақтағы қоғамдық бірлестік кеншілер қаласындағы қызметін қалай ұйымдастырғанын өзі біледі, қолдағы дерекке қарағанда Абай, Ерден, Тәуелсіздік, Ұлытау көшесінің бойы мен алты саяжолда жұмыс жасапты. Бұл аз ба, көп пе — білмедім, білетінім — 86 970 ағаш пен 88 058 бұтаның басына дәрі бүркілген. Бұл шараның алғышқысы — мамырда, екіншісі — маусымның бастапқы онкүндігінде өткізілген.

Мүгедектерге басымдық берілгеніне байланысты қоғамда әртүрлі пікір тудырған аталмыш Заңның астарынан әлдебір алаяқтық іздеуден аулақпыз. Алайда, «Жарты құнына жетпейтін қаржыға қалай сапалы жұмыс жасауға болады?» деген сауал тілдің ұшында тұрғанын жасыра алмаймыз. Сол қаражатты үнемдеудің қамы шығар, мамырдағы химиялық өңдеу кезінде бау-бақшадағы шыбын-шіркейге ғана шамасы жететін әрі арзан «Актара» дәрісі қолданылды.

Әрине, Заңда көзделген ниет — түзу, алайда, артынан нәтижесі қалай болады? Тиісті материалдық-техникалық базасы жоқ, арнайы маманданбаған ұжымнан ұтымды жұмыс шыға ма? Өсімдікті қорғау жөніндегі қалалық аумақтық инспекцияның ескертуінен кейін маусымда анағұрлым қуатты дәрі қолданылды. Бұл тірліктің тамашасы тамызда белгілі болады. Құрттың көбелекке айналмағанын тілейік…

Комментарии закрыты.