Жеңімпаздар Гүлдана, Артем

Нашақорлықпен күресу бойынша 2009- 2011 жылдарға арналған аймақтық бағдарламаны жүзеге асыруға үлес қосу мақсатымен 2009 жылдың ақпан айында Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Есірткісіз қала – болашақ кепілі» деген тақырыпта жасөспірімдер арасында байқау жариялаған болатын. Бұл байқаудың жасөспірімдер үшін салауатты өмір салтының маңызын ұғындыруда, олардың нашақорлыққа қарсы көзқарастарын қалыптастыруда берері мол. Аталмыш маңызды іс-шараға Қарағанды облысы бойынша барлығы 135 бала қатысып, бақтарын сынасты. Осы байқауға қаламыздағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының тұрақты оқырмандары, № 4 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы, әрі ақындар мектебінің шәкірті Гүлдана Садырбек, № 14 орта мектептің түлегі, бүгінде Қарағанды техникалық колледжінің студенті Артем Юн, №19 орта мектептің 10 сынып оқушылары Әйгерім Омарова, Гүлзада Үсенова қатысып, жақсы жетістіктерге жетіп отыр. Байқау 3 номинация бойынша бағаланды. Музыкадан рэп номинациясы бойынша Артем Юн өзі жазған музыкалық шығармасынан орындап, Бас жүлде – Гран приді жеңіп алса, ал әдебиеттен проза жанры бойынша Садырбек Гүлдана І орынды иеленіп отыр. Ол «Есірткінің әлегі» деген әңгімесін және поэзия жанры бойынша өлеңдер топтамасын ұсынған болатын. Құрылған әділқазылар алқасының іріктеу жұмыстары аяқталған соң, қазан айының 24 жұлдызында Қарағанды қаласында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болып өтті. Оған байқауға қатысып, жеңімпаз атанғандар шақырылып, оқушыларға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Кітапхана ұжымы осы жасөспірімдерге алғыс айтып, шығармашылық жолдарына табыстар тілейді. (Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.