«Отбасы татулығы – елдің татулығы»

Қазақ шаңырағының берекесі мен шырайын келтірген өзбек қызы Сурайе Нұрматова бүгінде төрт баланың анасы. 1993 жылы Ержан Әбішовпен отау құрып, қазақ шаңырағына келін болып түскеніне он сегіз жыл өтіпті.

Ержан №4 Абай атындағы лицейде сурет-сызу пәнінен сабақ берсе, Сурайе «Ертегі» балабақшасында медбибі.

Тәжікстанда туып, Жезқазған кентінде орыс мектебінде оқыған Сурайе қазақ тілінде сөйлегенде ешкімді алдына салдырмайтын жан. Ал, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қазақтан кем білмейді. Әкесі Юлдаш пен анасы Таджинисоның берген тәлім-тәрбиесін бойына дарыта білген Сурайе қонақжайлылықтың да сырын бір кісідей біледі.

Үй шаруашылығының шырайын келтіретін Сурайенің пысықтығына, іске деген ұқыптылығына талай қазақ келіні таңдай қақты.

Әрине, ел ардақтаған, ел құрмет тұтқан Әбіш ақсақалдың шаңырағына келін болып түсу оңай болмағанын жасырмады Сурайе әңгіме барысында. Алайда, осы кезге дейін ата-анасы мен ата-енесінің берген үлгі-өнегесінің арқасында бір әулеттің шаруашылығының шашауынан шаң шығарған емес. Оның үстіне Ержанның үйде болудан түзде болуы көп. Мектептегі сабағынан соң қосалқы кәсіппен айналысып кеткенде барлық шаруашылық Сурайенің мойнында.

Жер үйдің шаруашылығы әсте біткен бе? Бау-бақшасы, қорадағы екі сиырдың да жайын жайлау  оңай шаруа емес.

– Қыз кезімде жақсы отбасына келін болсам деген ой жиі мазалайтын. Құдайдың бағымды ашқаны  деп білемін, Ержандай өнерлі жігітпен шаңырақ құрдым. Әйел заты болғаннан соң, адал жар, ардақты ана деген атқа лайықты бола білу керек. Себебі, отбасындағы татулық пен ымыра-біршіліктің ұйытқысы әйел ғой. Отбасындағы татулықтан өсіп келе жатқан балалар үлгі алады. Сондықтан мен отбасында басталған татулық – елдің татулығы деп білемін, – дейді Сурайе.

Қазіргі таңда үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған Ержан мен Сурайе қай қырынан болмасын дос-жаран, туған-туыстың бетке ұстар, айтулы шаңырақ иелері. Төрінен қонақ кетпейтін шаңырақтың дастарханын Сурайе дәмді етіп пісірген қазақтың ұлттық тағамдарымен түрлендіріп жібереді.

Адалдықты жастайынан бойына қалыптастыра білген Сурайе құдайдан тілеп алған қызымыз Нұрсұлуды нағыз қазақы тәрбиеде өсіріп, бой жеткізсем дейді.

– Ата-анам «Өмірде көрген қиыншылықтарың болса, ешқашан мойыма. Қайта сол көрген қиындығыңнан сабақ алып, еңсеңді тік ұста» дейтін. Ата-анамның сол сөздерін жадымда сақтап, қай істе болмасын кездескен қиыншылықты ақыл мен байыппен шешуге тырысып келемін. Қазақтың келіні атану мен үшін үлкен сый.

Бейбітшілік пен ынтымақтың туының астына біріккен қазақ елінің осындай тату-тәтті отбасыларының арқасында бірлігі бекем, қуаты мықты болмақ.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.