ӨМІР АЙНАСЫ

28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні

Журналистік қызметі социализммен сабақтас, тәуелсіз елдің өмірімен өзектес қолына қалам ұстағандар бұқаралық ақпарат құралы осындай екеніне селкеусіз сенеді.Себебі, қоғам қанша құбылғанмен, оның орны өзгермегенін өмір көрсетті. Қатарына тың түрі қосылды, бұрынғы «бұқаралық» сипаты салмақтанып, «үгітшілік» үрдісі одан әрі өткірленді.

Билік басындағының да, соған ұмтылған үміткердің де сенімді бес қаруының бірі әрі қапы қалдырмайтын алдаспандай өткірі — ГАЗЕТ. Жалпы журналистиканың арғы-бергі тарихын тамырлатсақ, оған күмәнің қалмайды. Оған көз жеткізу үшін шалғайдағы шетелге шығандамай-ақ, өзіміз «уызымен» ауызданған кеңестік кезеңдегі мерзімдік баспасөзді шолып шықсақ та жетіп жатыр.

Тақтағының тепкісіне төз­бей туған топырағынан тентіреген, қырына ілігіп «итжеккенге» айдалған бәлшебектердің «Искра» газеті кезінде қандай рөл атқарғаны аян. «Ұшқыннан жалын лаулайды» деп ұрандатты олар. Ақыры төңкеріс жасап тынды. Коммунистік қоғамның іргетасын қалауға негіз болған социализмді орнықтыруға септескен сол төңкеріс.

Компартияның құдіретті құралына айналып, солақай саясаттың сойылын соққан «Правда» ше!? Онда жарияланған әр мақаланың астарында сұңғыла саясат жатты. Оның бетінен орын алған сын мақаланың садағына іліккен сау қалмады. Алақандай мақала адам тағдырын шешуге жетіп жатты. Әр одақтас республикада, облыс пен ауданда өз «правдасы» болды.

Небір сойқанда сағы сынбай, құрыштай қалыптасқан, жаманды-жақсылы тарихы бар жүйенің жұлынына «құрт» түсті, қоғам созылмалы сырқатқа ұшырады. Қуатты коммунистік идеология іріп, мән кеткен «мызғымас» одақ ыдырады. Өйткені, «өмір айнасына» айналған бұқаралық баспасөз бастапқы жауынгерлік, жасампаздық рухынан айырылып қалды.

Қазан төңкерісін қас­тер­леген, ұжымдасуға үкілі үміт­пен қараған, ашар­шылықты әлдекім ұйым­дастырған қастандық деп қабылдаған, қырқыншы жыл­дары ортақ Отан үшін жанын қиған, коммунизм «қыр астында» тұрғанына баладай сенген қарапайым халықты жекебасқа табыну, өзгерісті өсіріп айту, «теңгермешіліктен» туған табан­сыздық, науқаншылдық пен дабыра-даңғаза қатты ашындырды.

Адамдар сөз бен істің алшақтығын аңғарды. Газетте жазылғанға сенімсіз селқос қарады. Компартияның авангардтық айбыны әб­ден әлсіреді. Идеология әлеміндегі «бос кеңістік» тоқсаныншы жылдарға қарай барынша ұлғайып, шарықтау шегіне жетті. Оның соңы қайда апарып соқтырғанын бәрі біледі. Жаңа ғасыр қарсаңында коммунистік қоғам күйреді.

Тәуелсіздік туы Қазақстан көгінде де желбіреді. Тағдырдың осы тартуын қан төгіссіз келгендей көретіндер бар. Шындығында әбден қансыраған қоғам шиыршық атып, сындарлы сәтін күткен. «Сексен алтының» желтоқсаны — соның бір белгісі. Рухы асқақ Көкбөрінің ұрпағы солай сілкінді. Қазақстанды жаһан таныды. Азуын айға білеген алпауыт елдердің өзі мойындады. Алайда, айтпағымыз басқа еді.

Қоғамдағы өзгеріс сан қырынан көрінді. Партия көбейді, ойқастап оппозиция шықты. Ел мұны демократия үрдісі ретінде қабылдады. Бәрі жөн. Олар да Отанның өгей ұлы емес, жұртына жаманшылық ойламас. Өкі­нішке орай, көлеңкеден өзгені көрмейтіндер кездеседі. Кейде кейбір мақаланы оқығанда төбе құйқаң шымырлайды. Өткенннің бәріне тас ата беретіндер де бар…

Шағын мақаланы Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың дуалы аузынан шыққан сөзбен аяқтағым келеді: «Газеттің сөзі дұрыс болса әлеуметті түзейді, қисық болса әлеуметті бұзады». Аруағыңнан айналайын Ахаң келешекті көргендей айтыпты. Қолына қалам ұстағандар бірдеңе жазар алдында осы сөзді бір мәрте есіне алса, артық болмас еді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.