Сөзі – жанға, емі – тәнге дарыған

Жанділдә әкейдің тұңғышы Сәуле жас кезінен дәрігер болуды армандайтын. Ата-аналарын, бауырларын сәл науқастанса емдеймін деп құлшыныс танытатын.

Әкесі Жанділдә мен анасы Мәрияш қыздарының осы талабына оң пейіл білдіріп, оны Жезқазғандағы медициналық училищеге оқуға түсіреді. Қарсақбайлық қаршадай қыз 1983 жылы училищені тәмамдап, облыстық онкологиялық диспансерде еңбек жолын бастайды.

Содан бері арада 33 жыл өтіпті. Бүгінде бірінші санатты медбибі Сәуле Қойсарина тәлімгер маманға айналды. Диспансерден басталған еңбек жолы кейіннен «Ақши-Спасск» карьерінде, «Қожахметов» ЖШС отбасылық амбулаториясында жалғасты.

– Мен алғаш еңбек жолымды бастаған онко­ло­гиялық диспансердің облыс­тық дәрежеде атағы дүрілдеп тұратын. Мықты мамандардың ортасына тап болдым. Сол кезде диспансерге жетекшілік еткен білікті маман Қайыркен Рахметовтен көп тәлім алдым. Кейіннен қаланың Құрметті азаматы Мағзұм Қожахметов, Амангелді Несіпбаев, Нұрсұлу Баспаевамен қатар еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтадым.

Қазір қарап отырсам, өзім де кейінгі жас мамандарға тәлімгер атанатындай абырой, беделге ие болыппын,– дейді Сәуле апай.

Үнемі емделушілерін күле қарсы алып, жылы сөзін арнайтын Сәуле Жанділдәқызы қазіргі күні қалалық емханада еңбек етіп жүр.

Ұжымда сыйлы жан отбасында жұбайы Төребек екеуі Жанболат, Ерболат, Сандуғаш есімді үш бала тәрбиелеп, немерелердің қызығына кенелуде.

Ақжелеңді Сәуле Қой­сарина медицина сала­сындағы абыройлы еңбектері үшін сан мәрте марапатталып, құрметке кенелді. Әсіресе, өткен жылы қала әкімінің «Жан ізгілігі» атағын иеленгенде отыз үш жылдық еңбегінің зая кетпегендігіне іштей қуанды.

«Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген ұлы Абайдың сөзін өзінің өмірлік ұстанымына айналдырған Сәуле апай қолы шипалы нағыз медбибі.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.