Ел болып күресу оң нәтиже береді

Күні кеше Ақтөбе қаласында орын алған оқиға етек-жеңімізді жинап, дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы ықпалды шаралар жасау қажеттігін аңғартты. Ал, бұл іс тұтас ел болып күрескенде ғана оң нәтиже берері анық…

Бұл ретте көбіне «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтін қағиданы басшылыққа алған дұрыс. Әрине, мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізіліп те келеді. Қазақстан Республикасы терроризмге қарсы бірлесіп күресу жөніндегі көптеген халықаралық актілерді қабылдады, еліміз біршама осындай мазмұндағы шарттарға қосылды. Алайда, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының терроризм мен экстремизмге қарсы күресте атқарып жатқан іс-шаралары қоғам тарапынан жан-жақты қолдау тапқан кезде ғана нәтиже беретіні белгілі.

Осы тұрғыдан келгенде, Сәтбаев қаласында бірқатар ілкімді істер атқарылып жатыр. Биылғы жылыдың өзінде діни экстремиз мен терроризмнің алдын алуға бағытталған іс-шараларға қалалық бюджеттен 4165,0 мың теңге бөлінді. Қазіргідей қаржы қиыншылығы тұсында аталған бағытқа осыншалық қаржы қарастырылуы белгіленген жұмыстардың аса маңыздылығын аңғартады.

Өзім де осы бағыттағы қалалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесімін. «Сәтбаев қаласы әкімдігінің Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ тарапынан діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталып өткізілген іс-шараларды жоспарлағанда біз ең алдымен отбасындағы тәлім-тәрбие мәселесін нығайту қажеттігіне баса назар аудардық. Өйткені, өзінің әке-шешесінің тәрбиесіне көнбеген, оған қарсы шыққан ұл мен қыздан қандай қайыр күтуге болады? Мұндай жастармен арнаулы мамандар арқылы әңгімелесулер өткізудің маңызы зор. Сол сияқты ата-аналарға балаларының «бұзылып бара жатқанын» қалай байқауға болатындығы және сол кезде қандай көмектерге жүгіну қажеттігі жөнінде де халық арасында ақпараттандыруға барынша күш салынды және бұл жұмыс жалғаса беретін болады.

Жыл басынан бері қалалық ақпараттық түсіндіру тобы мүшелері арқылы 65 кездесу өткізілді, соның ішінде теріс ағымның ықпалында жүрген азаматтармен де көзбе-көз сөйлесіп, пікір таластырып, олардың ұстанымдарының өздеріне де, қоғамға да зиянды да қауіпті екендігі түсіндірілді.

Әрине, уланған сананы тазарта қою оңай емес екендігі де түсінікті. Сондықтан да, мұндай жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуға тиісті. Топ мүшелері жыл басынан бері қаладағы әртүрлі мекеме, ұйымдарда болып, 3 мыңнан аса адам қатысқан кездесулер өткізді. Мамыр айында білім беру мекемелері басшыларының тәрбие жөніндегі орын­басарлары, дінтану пәнінің мұға­лімдері, психологтар, құқық қорғау орындарының қызметкерлері, Жастар ресурстық орталығының және медицина мамандарына арналған үш күндік оқу семинары өткізіліп, бұған 120 адам тартылды. Мұндай істер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Ербол СӘКЕЕВ, Сәтбаев қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы.

Комментарии закрыты.