Аттестаттарын алды

20160624-03-1Мыңдаған шәкірттің зердесін ашқан іргелі білім ошағы №1 мектеп-гимназиясының 2016 жылғы түлектері ұстаздарының 11 жыл бойы берген білімін ақтай білді.

Биылғы жиырма алты түлектің ішінен ҰБТ-да жоғары көрсеткішке ие болғандар мектеп мақтаныштарына айналды.

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында ұйымдастырылған түлектерге аттестат тапсыру салтанатында қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай білім ордасының түлектерін үлкен өмірге жолдама алуларымен құттықтап, сәт сапар тіледі.

Гимназия басшысы Ғалия Иманбаева ҰБТ қорытындысы бойынша республикалық деңгейде жоғарғы баллды еншілегендердің қатарында биылғы түлектердің білімге деген ынталары мен ұстаздардың қажырлы еңбегі барын тілге тиек етті.

Сарай ішін дүбірге бөлеген мектеп бітірушілердің балы аттестат тапсыру салтанатына ұласты.

Марапаттар легі кезегімен жалғасын тауып, үздік оқушыларға құрмет білдірілді.

Мектеп түлектері 11 жыл өздеріне баласындай қамқор болып, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына алғыстарын жеткізді.

 

***

Қаламыздағы №16 жалпы орта білім беретін мектептің 33 түлегіне орта мектепті бітіру жөніндегі аттестат тапсырылды.

Салтанатты жиынға қалалық ветеринария бөлімінің басшысы Ә.Әбдікер, «Сәтбаев қаласының білім бөлімі» ММ-нің әдіскері Л.Дүйсен қатысты. Мектеп директоры Қ.Смайлов түлектерді алтын ұядан қанат қағуымен, үлкен өмірге аяқ басуымен құттықтап, тілек-лебізін білдірді.

Түлектер «Жас зияткер», «Сөз зергері», «Үкілі үміт», «Шығармашылығы үшін», «Үздік спортшы» және «Спорт жұлдызы» номинациялары бойынша марапаттауларға ие болды.

Кеш барысында сынып жетекшілері атынан Б.Киянбекова және ата-аналар атынан Ғ.Байтокова өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, жастарға ақ жол тіледі. Жиын түлектердің орындауындағы мектептің білім мен тәрбие символына айналған «Мектеп әнұранымен» аяқталды.

Г.Бокаева, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Комментарии закрыты.