«Өмірдің өзі үйретті»

20160624-07-2Осылай деген оған қарсы уәж айта алмадым.Себебіне кейінірек тоқталамын. Әңгіме «Қазақмысқа» қызмет көрсететін Жезқазған теміржол кешенінің поезд диспетчері Гүлнар Айранбаева жөнінде.

Негізінен «Қазақмыстың» тапсырысын орындайтын бұл теміржол кешенінің қызмет аясын белгілі бір бағыт бойынша былай үшке бөлуге болады: қалалық алаң, өндірістік алаң, «Жаман-Айбат». Осыларды қамтитын теміржолдың жалпы ұзындығы Жезқазғаннан Қарағандыға еркін жететін қашықтықтай.

Ең алысы — «Жомарт» кеніші жүз шақырымның үстіндегі үстіртте жатыр. Ал, батыстағы «Шайтантас» карьеріне барып тірелетін тұйықтың өзі алпыс шақырымнан асады. Шойынжолдың өн бойында он станса бар. 475 бағыттағыш бекеттің жұмысы автоматтандырылғаны — 109, қалғанында қолмен атқарылады.

Күніне жолға шығатын 30 шақты локомотивтің қозғалысын қадағалап, реттеп отыру — поезд диспетчерінің тікелей міндеті. Қателесуге хақың жоқ! Міне, шым-шытырығы шаш-етектен осы шаруашылықтың қыр-сырын «шемішкеше шағып» отырған келісті келіншекке бір жағынан қызыға, бір жағынан құрметпен қарайсың.

Ал, тамсанып отырған сол адамның бойындағы бар болғаны орта білім екенін білгенде, бірден сене қоймадым. Себебі, өндірісті өңірге өң берген Жезқазған теміржол кешенінде екі мыңға жуық адам еңбек етсе, ондағы он адамның біреуі арнаулы орта немесе жоғары білімі бар инженер-техник қызметкері екенін білетінмін.

«Қатырма қағаз сұрайтыны қазір ғой, ол кезде тәлімгердің тәрбиесімен тәжірибені тірнектеп жинайтынбыз» деді Гүлнар жайбарақат. Ол еңбек жолын 1996 жылы бағыттаушы болып бастапты. Сосын бірнеше стансада белгі беруші болған. Станса кезекшісі қызметін атқарған. Операторлықтан да ойдағыдай өткен.

Поезд диспетчерлігіне жеткенге дейінгі жеті жылда осылайша сатылап көтерілген. Одан бергі арада да он үш жыл жатыр…

Әлібек ӘБДІРАШ. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.