«Қыз бен қойдың…»

20160624-07-3Қойылған сауалға қалжыңмен жауап қайтарып жатса, ол адамның тұрмысы түгел болғаны, түтіні түзу шыққаны. Жезқазған байыту фабрикасының конвейер машинисі Зәмзәгүл Сатыбалдинамен арадағы әңгімеден соны аңғардым.

«Жетіқоңыр» кеңшарында орта мектепті бітірген, сосын бір жыл «Мибұлақ» ауылындағы тұрмыстық қызмет көрсету кешенінде тігіншілікпен айналысқан қыздың қалай қалаға келін болып түскенін білмек болғанымда Зәмзәгүл көп тосылмай: «Қыз бен қойдың бармайтын жері бар ма?» деп, қойып қалды. Сосын: «Қалжың ғой» деп, әңгіменің әуселесін бір қайырып тастаған ол сөзін сабақтады:

— Бәрі бір Алланың қолында. Тағдырдың маңдайға жазғанынан қашып құтыла алмайсың. Сәтін салғанда жұбайым жақсы жігіт болып жолықты. Бақытжан бүгінде — автокөлік жүргізушісі. Қызымыз Әйгерім мен ұлымыз Сүлеймен — мектепте.

Ауылдан келгесін бір жылдай тоқыма фабрикасында жұмыс істедім. Ал, Жезқазған байыту фабрикасында жүргеніме жиырма жылдан асты. Уақыттық өлшем таңдаған кәсібіңе көзің қанығып, қолың үйреніп алған соң айтуға оңай шығар, әйтпесе, алғашқы кезде қиналған сәт көп болды.

Оны ұмытпаймын, сол қиындықты жеңуде қол ұшын беріп, қамқорлық көрсеткен алғашқы тәлімгерім Валентина Маевскаяның мейірім шуағы да жадымда. Содан көрген-білгенді кейінгі жастардың қажетіне жарататын жасқа да келіп қалыппыз. Ауысым ұжымы — ұйымшыл, бірлігі — берік.

Ал, әріптестері Зәмзәгүл жөнінде «өз міндетіне жоғары жауапкершілікпен қарайды, ұжымда беделі биік, абыройы асқақ» дейді. Бірге жүргендер біліп айтадыІ

Әлібек ӘБДІРАШ. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.