«Қарсақбайда — ҚМЗ, Жезқазғанда — ЖМЗ»

20160624-07-4Бұл — Жезқазған мыс қорыту зауытындағы шихта дайындау цехының шихташысы Бақыткүл Жәкееваның сөзі. «Қарашаңырақ Қарсақбайда да, мыс шаһары Жезқазғанда да нәсібімнің кәсібін бір кәсіпорыннан таптым» дегенді тұспалдағаны.

Күйеуі Төлеубайдың әкесі Рахымбек пен өзінің әкесі Мұқан ақсақалдың айналдырғаны Қарсақбай зауытындағы мыс қайнатқан қара қазанның қасы болса, балалары қайда барады?! Жұмысшының жай-күйіне жастай көз қанығып өсті, адал еңбектің абыройға бөлейтінін бала кезден білді.

Қиындықты да «қаршадайынан» көрді десе болады. Қарсақбайдың ел бетіне үкілі үмітпен қарап отырған кәсіпорны қаңтарылғанда мектеп қабырғасында жүрген. Үйлі-баранды болғасын көпшіліктің иығына түскен сол қиындықты бірге көтерісті.

«Бір үйден — бір адам» дегенді де көрді. Оның мәнісі — жан сақтау үшін жұмыссыз адамы бар отбасын ескерусіз қалдырмау болатын. Басы жас, бір шешімге бел буды. Ауылдастың ырысына ортақтаспай, Қарсақбайдан көшуді жөн көрді. Сондағы көздегені — Жезқазған.

Алдымен Төлеубай тыңнан «түрен» салды. Жезқазған мыс қорыту зауытының шихта дайындау цехына жұмысқа орналасты. Сосын Бақыткүл барды. Бұл — тоқсаныншы жылдардың ортасы еді. Содан бері екеуі осында. Кәсібінің нәсібін теріп жүріп жатыр. Бақыткүлдің өзі байқоңырлық бауыры Бекзат Шантуовтың ауысымында.

Көз қуанышы — бары да, нары да болған қызы Арайлым. Жерге қаратқан емес, тек қуаныш сыйлап келеді. Орта мектепті ойдағыдай аяқтап, жоғары білімді «Болашақ» бағдарламасы бойынша алды. Қызыл дипломмен бітірді. Еңбек ете жүріп екінші жоғары білім алды. «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің есеп-қисап бөлімінде істейді.

Бақыткүл өзін өмірден ғана емес, отбасынан да лайықты орнын тапқан бақытты жан санайды. Солай!

Әлібек ӘБДІРАШ. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.