Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері! Қадірменді жерлестер!

Сіздерді Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 66 жылдығымен шын жүректен құттықтаймыз!

20 ғасырдың зұлматы — фашизмге күйрете соққы берген Ұлы Жеңістің тек ер жүрек халқымыздың қайсарлығы мен табандылығы, ерен еңбегі мен бірлігінің арқасында ғана мүмкін болғандығы баршаға аян.

Қазақ елі Тәуелсіздігінің 20 жылдығы белесінде біз Ұлы Отан соғысындағы көмескіленбес халық ерлігіне құрмет көрсете отырып, гуманизм мен бейбітшіліктің салтанат құруы жолында қатыгез жаугершілікке қарсы күресте қол жеткізген Жеңістің жалпыадамзаттық маңызын терең сезінеміз және жоғары бағалаймыз. Жеңімпаздар ерлігі мәңгілік және болашақ ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

Бүгінгі күні ата-бабалар аманаты – батылдық пен өрлік, Отанға деген шексіз сүйіспеншілік, достық дәстүрлерін ту еткен Қазақстан халқы Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың жетекшілігімен жаңа қазақстандық қоғам құруда және біздің тұрақты да табысты, бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастырудағы жетістіктеріміз қазірдің өзінде әлем қауымдастығының оң бағасын алғандығын мақтанышпен айта аламыз.

Ардақты ардагерлер!

Бүгінгі шуақ шашқан жарқын күніміз, азат  та  жасампаз бейбіт өміріміз үшін Сіздерге мың алғыс!

Ұлы Жеңіс мерекесінде Сіздерге мықты денсаулық, ырыс-береке және бақыт пен шаттыққа толы ұзақ ғұмыр тілейміз!

Сүйікті Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстан бейбіт аспан астында әрқашан жасампаздық биігінен көріне берсін!

Құрметпен, Сәтбаев қаласының әкімі    С.Т.Медебаев.
Қалалық мәслихаттың хатшысы  С.С.Имамбай.

Комментарии закрыты.