Біздің күшіміз тұрақтылық пен бірлікте

«Бірлігі бекем ел озбақ» деген екен бабаларымыз. Жүзден аса ұлттың өкілі бір шаңырақтың астына бірігіп, ынтымақпен ғұмыр кешіп жатыр. Биыл 1 мамыр – елімізді мекендейтін халықтың ынтымақ, ұлтаралық татулық пен бірліктің мерекесі ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келді. Мерекені біздің қаланың тұрғындары да көтеріңкі көңіл күймен ерекше атап өтті.

Қала әкімдігі алдында өткен мерекелік шеру ынтымақ пен татулықтың нышанын анық байқатты. Шеруді қала әкімі Советбек Медебаев, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, қаламыздың өркендеуіне өз үлестерін қосып, келешек ұрпаққа үлгі болған қаланың Құрметті азаматтары және мәслихат депутаттары бастады. Қаламызда өткен мерекелік шеруге құрметті қонақ ретінде Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты Алияр Жараспаев қатысты.

Сәтбаев қаласын мекен еткен көптеген ұлт өкілдерінің ұлттық-мәдени орталықтарының ұлтаралық татулық пен келісімді қалыптастырудағы үлестері орасан зор. Шеруде сап түзегендердің қатарында осы ұлттық-мәдени орталықтар да болды. Одан кейін шеруде қаламыздағы білім ошақтарының ұстаздары мен оқушылары, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері жүріп өтті. Әр орталық, әр мектеп, денсаулық сақтау мекемелері мерекелік көріністерін қойды.

Шеруді Сәтбаев қаласы мен Жезқазған кенті әкім аппаратының мемлекеттік қызметкерлері, халыққа қызмет көрсету орталығының, қалалық мұрағаттың, Орталықтандырылған кітапхана мен Балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұжымы, салық комитетінің қызметкерлері және т.б мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері жалғастырды.

«Қазақмыс» корпорациясы «Жезқазғантүстімет» ӨБ-не қарасты кеніштер де шеруге атсалысты. №3 Сәтбаев кен байыту фабрикасының ұжымы, жылу мен сумен қамтамасыз ету кәсіпорны, электр жүйесі кәсіпорны,  жеке пәтер иелерінің кооперативтері, тұрғын үй коммуналдық цехтары және де басқа кәсіпорындар бой түзеген саптан соң, болашақ кеншілерді дайындап жатқан «Қазақмыс» корпорациясының технологиялық колледж ұжымы мен №3 кәсіби лицей, жеке кәсіпкерлер мен банк қызметкерлері шеруді жалғастырды.

Мерекелік шеруді қаламыздың спортшылары аяқтады.

Мерекелік шеру Кеншілер алаңында мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Тұрғындарға  көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері мен қаламыздың өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұрала би биледі.

Алаңда мерекелік сауда да қызу жүрді. Қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімі мен мәдени спорттық-сауықтыру орталығының ұйымдастыруымен спорттық ойындар да өтті.

Жалпы тұрақтылық пен бірліктің мекеніне айналған елімізде, оның ішінде біздің қалада бұл мереке өз деңгейінде аталып өтті.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.