Ұлт мақтанышы

Атақты жапон сәулетшісі Кисе Курокава жобасын әзірлеген Астананың бүгінгі әсем келбеті шын мәнінде көз қызықтырып, заманауи үлгіде бой көтерген ғимараттарымен менмұндалап тұрады.

Есілдің жағалауына қоныс тепкен он сегіз жыл ішінде Астана мүлде өзгеріп, түрленді. Біздің кеншілердің шаһарынан елордасына қоныс тепкенімізге міне, үш жылға таяп қалды. Өсіп-өнген топырақты қартайған шақта қиып кете алмағанымызбен, қазір Астанаға сіңісті тұрғын болдық.

Астананың жанға дауа таңғы ауасымен сергіп, тыныстағанның өзі оның табиғатының кереметтілігін айғақтап тұр емес пе?

Оның үстіне Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен елордасын жасыл белдеуге айналдыру жобасы негізінде жасыл желектің қатары жыл санап өсіп, сұлу да көркем қала тұрғындарына жан рахатын сыйлауда.

Астананың жаңа келбетіне қызығы қарап отырып, қазақ елінің де қарыштап дамып, гүлденуін аңғару қиын емес.

Қазір Астанада сәтбаевтық байырғы тұрғындардың да үлес салмағы бар. Астананың көшелерінде келе жатып көрісе қалсақ, жерлестігімізді сылтау етіп, бір-біріміздің үйімізге қонаққа барамыз.

Заманмен үндес дамып жатқан Астанада қазақы сыйластықтың қалпын бұзбаған шаңырақтарды көргенде ішің жылып сала береді.

Біздің қазіргі жастар бақытты. Олар өздерінің нұрлы да жарқын болашақтарын Астанамен қатар қалап, асқақ арманына жету жолында тынымсыз еңбек етуде.

Астана – жастар қаласы. Өсіп, өркендеген қазақ елі жиырма бес жыл ішінде көп табыстарға қолжеткізді. Соның бірі – Астананың іргесін тіктеп, әлем сүйсінерлік қалаға айналуы.

Әлем елдерінің үздік астаналарының қатарынан орын алған қазақтың елордасы біздің ұлтымыздың мақтанышы.

Серік Қолданұлы, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы. Астана-Сәтбаев.

Комментарии закрыты.