Елорданың жаңа келбеті

20160701-04-3Осыдан он сегіз жыл бұрын ұлан-байтақ қазақ жерінің қасиетті орталығы – Сарыарқа төрінде мемлекетіміздің жаңа астанасы бой көтерді. Мәдени-ғылыми һәм саяси-экономикалық алып ортаға, Отанымыздың күретамырына қан жүгіртетін сәулетті, қуатты орданың дүниеге келуі шын мәнінде қазақ халқының азаттығын аңғартқандай еді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен арқа төріне қоныс тепкен Астана бүгінде әлем жұртшылығы таңырқай қарап, тамсанатын шаһарға айналды.

Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірдің басталғанын сезіндіріп, халықтың келер күнге деген сенімін оятқан да осы Астана еді. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан елдің шатқаяқтап тұрған экономикасын оңтайландырумен қатар, сайын даладан астана салып, оның іргесін тіктетіп, өркендету қаншама қажырлы еңбекті талап етті десеңізші?

Бүгінгі Астана – бұл заманауи талаптарға сай қарқынды дамып келе жатқан қала. Байырғы тың игерушілердің астанасы болған Ақмола қазір көгінде көк Туы желбіреген азат Қазақ елінің Астанасына айналды.

Дамыған экономикасы бар, әлеуметтік өмір сүру деңгейі жоғары, саяси тұрақтылығымен, тыныштығымен және үйлесімділігімен ерекшеленетін демократиялық құқықты мемлекет қалыптасуының символы.
Мысалы, Париж десе, Эйфель мұнарасы, Нью-Йорк десе, Азаттық статуясы еске бірден оралатындай, Қазақстан десе, Астана сұлулығы, ал, Астана десе, бас қаламыздағы мәуелі «Бәйтерек», «Қазақ елі» монументі сияқты бірнеше алып ғимараттар, еңселі мекемелер, рухани орталықтар ойға оралады. ЮНЕСКО шешімімен Қазақстан астанасына «Әлем қаласы» жоғары атағының берілуі дүниежүзіне өзінің қарымды дамуын, қарыштап көркеюін дәлелдеп-ақ тұр. Әлем елдері арасында Астана – қазақ халқының серпінді қадамы.
Астана мемлекетімізге жасампаз күш сыйлады және Қазақстан халқын рухани қуаттандырды, оның образының философиялық мәні де осында жатыр. Астанамыз бүгінде Еуразиялық ықпалдастықтың орталығына, ынтымақтастықтың сындарлы түрін іздеу барысында халықаралық пікір алаңына және жаһандық мәселелерді шешу орнына айналды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылды қорытындылауға және «Қазақстан-2050» Стратегиясының міндеттерін іске асыру мәселесіне арналған кеңесте «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге дайындық жүргізу инновациялық экономиканы дамытудың аса маңызды катализаторына айналуы қажеттігін атап көрсетті. Осы кеңесте Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Біз Астананы таза, энергияны тұтыну жағынан тиімді, «жасыл» қалаға айналдыруға тиіспіз. Елордамыз өзге өңірлерге үлгі болуға тиіс… Астананың ребрендинг бағдарламасын да әзірлеп, кәсіби және маркетингтік науқан ұйымдастыру қажет» деген еді.

Көрмені ұйымдастыру Қазақстанның халықаралық ілгері жылжуы жолындағы үлкен қадам болмақ. «ЭКСПО-2017»-ні өткізу елорданың, сондай-ақ, тұтастай алғанда республиканың экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын қосымша ынталандыруға қызмет ететін болады. Елорданың және оның маңындағы аймақтардың шағын және орта бизнесінің дамуы ерекше серпін алады, ең алдымен, халыққа қызмет көрсету, қонақ үй бизнесі және ішкі туризм салаларының ұтары мол. Бұл шара елорданың көрме нысандары мен инфрақұрылымы құрылысына елеулі көлемде жеке инвестициялар тартуға, оларға қызмет көрсетуге ондаған мың жұмыс орындарын құруға, ішкі туризмді дамытуға және елге шетелдік туристер ағынын ұлғайтуға, Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді. Көрмелер нысандары құрылысына инвестициялар тартудан басқа күтілетін экономикалық тиімділік мынада: «ЭКСПО» ауқымында салынатын нысандар болашақта Қазақстанды және оның астанасын ірі халықаралық көрме және ақпараттық-таныстырылымдық алаң ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.Көрме әлемді қазақстандықтардың көпұлтты мәдениетімен, ежелгі тарихымен, өнерімен, дәстүрлерімен, қонақжайлылығымен таныстырады, әлемдік қоғамдастықтың алдында Қазақстанның туристік тартымдылығын және танымалдығын арттырады. Елорданың мәдени дамуының да маңызы зор. ЭКСПО өткізу кезінде Астанада әлемнің түпкір-түпкірінен әртүрлі мәдениеттер үні шырқалады. Көрме аумағында күн сайын концерттер, ұлттық күндер және басқа да ойын-сауық шаралары өткізіледі.

«ЭКСПО-2017» ірі коммерциялық емес жоба, ол аймақтың және тұтастай алғанда елдің дамуының қуатты катализаторы болмақ. Құрылысқа, туристік инфрақұрылымға, қонақ үй бизнесіне салынатын инфестициядан түсетін кірісті былай қойғанда, көрменің зияткерлік мұрасы Қазақстанды жаңа деңгейге көтеретін болады. Әсем Астананың одан әрі қарыштап өсуіне және бұрынғыдан да өршіл мақсаттарын жүзеге асыруға жаңа серпін алады. Ал, қазақстандықтар өз күштеріне және өз елінің мүмкіндіктеріне тағы да көз жеткізе алады.

Астананың «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу биік мәртебесіне ие болуы – оның озық бастамалар орталығына айналуының жарқын көрінісі.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.