Ортақ Отан – Қазақстан

Бүгінде жүз отыз ұлттың ортақ Отанына айналған қазақ жері – татулықтың, ынтымақтың мекені. Қазақстан халқының бірлігі мерекесі мен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту қарсаңында, сондай-ақ қаламыздағы барлық этностарды жақындастыра түсу мақсатында  қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен №16 орта мектепте «Менің Қазақстаным – менің үйім, менің тағдырым» атты ұлттық-мәдени орталықтарының фестивалін өткізді.

Қаламызды мекен еткен көптеген ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Ұлттық-мәдени орталықтар да ұлтаралық татулық пен бірлікті, тұрақтылықты қалыптастыруға өзіндік үлестерін қосып келеді.

Фестивальға «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, қалалық мұрағаттың басшысы, қалалық мәслихаттың депутаты Айгүл Төлендина, ішкі саясат бөлімінің басшысы Кауһар Сағындықова, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлсім Есмұрзаева қатысты.

Фестивальді Татьяна Хмилярчук басқаратын орыс ұлттық-мәдени орталығы бастады. Орыс халқының салт-дәстүрінен көріністер қойылып, халық әндері орындалды. Одан кейін сахна төріне ақын, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Мәуия Бекмағамбетова жетекшілік ететін «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері көтеріліп, қазақтың «Қыз ұзату» тойынан көрініс қойып, қазақтың халық әндерін нақышына келтіре орындады. Жуырда Қарағанды облысы әкімінің грантын иеленген Т.Шевченко атындағы Роман Бурда жетекшілік етіп жүрген украин ұлттық-мәдени орталығы да өздерінің ұлттық салт-дәстүрлері мен ұлттық әндерін, билерін ортаға салды.

Ел Тәуелсіздігін алған тұстан бері қарай Елбасы Н.Ә.Назарбаев елдегі татулық пен бірлікті сақтап келеді. Елбасының ынтымақ пен бірлікті көздеген дана саясатын жүзеге асыруда тағы бір ұлттық-мәдени орталық айтарлықтай жұмыс атқарып жүр. Білікті дәрігер Руфина Абузярованың басшылығындағы «Дуслык» татар-башқұрт  ұлттық-мәдени орталығы да өздерінің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын көрсетіп, қалың көпшіліктің қошеметіне ие болды.
Фестиваль соңында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Есмұрзаева сөз алып, мерекемен құттықтады. Фестивальға қатысқан барлық ұлттық-мәдени орталықтарды дипломмен марапаттап, алғысын білдірді.

Фестивальдің шымылдығы жергілікті әншілердің орындауындағы «Атамекен» әнімен жабылды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.