Баспен білдіретін базына

Сойылған малдың тісі не үшін қағылады? Сауалдың астарында қандай ғибрат жатыр? Бұнда баспен білдіретін базына бар.

Ертеде ренжісіп қалған екі достың біреуі екіншісіне қонаққа келеді. Анау семіз қой сойып, тісі қағылмаған бас тартады. Ештеңеге мән бермеген досы ет жеп, қымыз ішіп, арқа-жарқа болып үйге қайтады. Жолай атқосшысы:

— Мырза, досыңыздың Сізге бір реніші бар екен, – дейді.

Бай шошып кетіп:

— Неге? Ренжісе, бас тартып сыйлай ма? — депті.

Сонда атқосшы мына әңгімені айтыпты: «Марқұм әкем: «Қазақ ренжісе, беттен алмаған. Көңілге қаяу, жүрекке қылау салудан сақтанған. Базынасын тұспалмен, ыммен білдірген» дейтін. Өйткені, мұсылмандықта бірдің көңілін қалдыру, мың Қағбаны бұзғанмен бірдей екен» дейді.

Бай аттың басын кері бұрып, ат-шапанын атап, досынан кешірім сұраған екен. Содан бастап қонаққа тісі қағылған бас тарту адал достық пен таза көңілдің белгісі боп саналыпты.

Комментарии закрыты.