Мамандар қатарына қосылды

20160708-03-2Кәсіби білім беру жүйесінде  студенттердің мамандыққа деген құзіреттілігін арттырып, заман талабына сай  маман даярлау ісінде өзінің жолын қалыптастырған  іргелі білім ошағы – индустриалдық колледж биыл 93 шәкіртін түлетіп ұшырды.

Бір қуаныштысы биылғы түлектердің арасынан «Электр мен газбен дәнекерлеу ісі» мамандығының екі студенті шеберлердің берген білімін ақтап, ерекше үлгідегі дипломмен колледжді тәмамдады.

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен  диплом тапсыру салтанатында колледж директоры  Жеңіс Әлмағанбетов осы үздік қос шәкірт – Тұрсынбек Кенжебек пен Самат Берекеге ерекше үлгідегі дипломдарын табыс етті.

Салтанатты шарада Жеңіс Едігеұлы тағы бір қуанышты хабарды жеткізді. Қарағанды қаласында техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының студенттері арасында өткен «WORLDSKILLS KAZAKHSTAN KARAGANDA–2016» аймақаралық чемпионатында «Дәнекерлеу технологиясы» бағыты бойынша өзінің кәсіби білімін дәлелдеп, ІІ орын алған  Тұрсынбек Кенжебек Қарағанды облыстық білім басқарамасы басшысының атынан арнайы диплом және  ақшалай сыйақымен марапатталды.

Колледж қабырғасынан түлеп ұшқан әрбір жас маманға бұл күні ата-аналар мен өндірістік оқыту шеберлері тілектер толассыз ақтарып, жолдарына сәттілік  тіледі.

Осы тұста айта кеткен жөн болар, колледждің мамандарына «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан қазірдің  өзінде сұраныс бар.

Комментарии закрыты.