Жан-жақты талданды

Қала әкімінің кеңейтілген мәжілісі әдеттегідей құттықтаудан басталды. Бұл жолы Асқыр Ыдырысов активті айт мейрамымен құттықтап, отбастарына бақ пен береке, мықты денсаулық тіледі.

Бұдан соң кеңейтілген аппарат жиыны күн тәртібіндегі мәселелерді қарады. Алғашқы болып сөз алған облыстық денсаулық сақтау департаментінің Жезқазған аймақтық өкілдігі басшысы Б.Айтпаева есеп берді.

Баяндамашының сөзіне қарағанда, қаламызда денсаулық сақтау саласында бірқатар ілгерілеушілік байқалады. Медициналық мекемелерге заманауи құрал-жабдықтар алу, білікті мамандармен қамтамасыз етуде жап-жақсы жұмыстар жүріп жатыр. Бірінші жарты жылдықтың өзінде қалаға 2 жас маман келген. Медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарымен 5 үш жақты келісім жасалынған. №1 орталық ауруханаға таяу күндері рентген аппараты, ФГДС және наркоз беретін аппарат келеді деп күтілуде.

Осындай ілкімді істердің нәтижесінде қалада сырқаттың алдын алу бағытындағы көрсеткіштер де көңіл қуантарлықтай. Бала туу 6 процентке өскен. Ана өлімі болмаған. Рас, өткен жылмен салыстырғанда бала өлімі 2 оқиғаға артып отыр. Бірақ, ол ата-ананың салғырттығы мен медициналық тексерістерден уақытында өтпегенінен болған.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық білім бөлімінің басшысы Б.Ақышбеков балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мен мектептердегі сауықтыру алаңдарының жұмысы жайлы есеп берді.

Бүгінде қала мектептері жанынан 29 демалыс-сауықтыру алаңдары ашылып жұмыс істеуде. Мұның сыртында Алматы қаласындағы «Сәлем» демалыс лагеріне әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылары мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және балалар үйінде тәрбиеленетін 100 баланы жіберіп, демалдыру қолға алынған.

Баяндамашы өз сөзінде балалардың бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында еңбек лагерлері мен «Жасыл ел» жасағының да құрылып, жұмыс жасап жатқанын жеткізді.

Күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты сауалдар аз болған жоқ. Қала басшысы денсаулық сақтау мен жазғы демалысты ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарды жан-жақты талдады. Емдеу орындарындағы халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы да назардан тыс қалмады.

Комментарии закрыты.