Әулеттің ажары болған

Қазақ отбасындағы әженің орны ерекше әрі қадірлі. Ол – отбасының ғана емес тұтас әулеттің ұйытқысы, абысын-ажынның бірлігін, татулығын сақтайтын ауызы дуалы сыйла ана. Біз әжені жас келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі ретінде ардақтап, құрметтейміз. Ұлтымыз қашаннан қыз баланың өмірінде әженің берер ақыл-кеңесі мен тәрбиесін басты назарға қойған.

Сол ардақты да асыл әжелеріміздің құнды тәрбиесі мен мол тәжірибесін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Қызым саған айтам – келінім сен тыңда» атты қалалық әжелер сайысы өтті.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған сайыстың өтуіне қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйытқы болды.

Оған бес әже қатысып, бес кезең бойынша өзара бақ сынасты.

Сайыстың бірінші кезеңінде көрермендерге қатысушылар экран арқылы таныстырылды.

Екінші айналымда әжелер қыздары мен келіндеріне ақыл-кеңестерін арнаса, үшінші кезеңде қолөнер бұйымдарын көпшілікке ұсынды. Төртінші айналымда сайысқа қатысушылардың немерелері әжелеріне әсем әндерін арнаса, соңғы бөлімде әжелер ұлттық салт-дәстүр, тағам мен киімдерге қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.

Сайыстың нәтижесінде жүлделі ІІІ орынды Аманкүл Байғазиева мен Дина Айтжанова өзара бөліссе, ІІ орын Әмина Мұқанбетқалиеваға бұйырды.

Ал, Бикен Әбиева І орын жүлдесімен марапатталса, жүзден жүйрік шығып, топ жарған Үмітжан Смағұлова сайыстың бас жүлдесін жеңіп алды.

Комментарии закрыты.