Еңбегімен өзіндік із қалдырған

Еңбегімен өзіндік із қалдырған білікті маман әлі де жұмыстан қол үзбеуде Күні кеше кеншілер шаһары 35 жылдық мерейтойын атап өтті. Қаланың отыз бес жыл ғұмырында талай жемісті, жетістіктерге толы кезеңдер болғаны белгілі. Қала тарихы небір жарқын істерге, үлкен жетістіктерге толы. Сол жетістіктерге жетуге үлес қосып, еңбегімен қала абыройын асырған азаматтар арамызда баршылық. Суреттегі Өмірзақ Қабдулаев кеншілер қаласының негізін, іргесін қалағандардың бірі. Никольский поселкесінің қала мәртебесіне ие болғанда шақырылған қалалық кеңесінің алғашқы сессиясының тұңғыш депутаты, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің ең бірінші меңгерушісі. Өмірзақ Қабдулаев Байқоңыр совхозына қарасты Қарабұлақ атты елді-мекенде дүниеге келген екен. Әкесі Қабдолла мен анасы Күлмаш сауатты, мұғалім мамандығын меңгерген жандар болыпты. Анасы болыстың қызы болған соң, білім алудан қашпай, Торғайдағы бастауыш гимназияны бітіріпті. Кейін Қабдолламен шаңырақ көтергенде отағасының нағашысы Әліби Жангелдиннің қолқалауымен Қызылордадағы педагогикалық училищені бітіреді. Содан екеуі бірге мектепке орналасып, әкесі соғысқа дейін ұстаздық жолында жүріпті. Ал ел басына күн туғанда «ауылда да білімді азаматтар қалуы тиіс, балаларға білім беруіңіз керек» деген басшылар сөзіне қарамай майданға аттанады. Сол кеткеннен Сталинград түбіндегі шайқаста мерт болады. Елге соңғы хаты 1943 жылы келген көрінеді. Жалпы соғыс зардабын Өмірзақ ағаның отбасы көп тартады. Алдымен әкесінен айырылып, жетім атанса, кейін атасы, Қабдолланың әкесі Аяпберген Берлинге дейін барып, ұрыс кезінде контузия алады. Үш жыл госпитальда жатып, елге 1949 жылы ғана жарымжан болып оралған екен. Анасы Күлман болса өмір басына салған қиындыққа қарамастан әкеден қалған жалғыз тұяқ Өмірзақты жеткізуге бар күшін салады. Өзінің көкірегі ашық, білімі бар болғандықтан, ұлын ешнәрсеге алаңдамай білім алуға үгіттейді. Сөйтіп анасын жалғыздыққа қимаса да болашағын ойлаған жас Қостанайдағы ауылшаруашылығы училищесіне оқуға түсіп, тәмамдайды. Оқудан соң тың игеруге үлес қосады. Кейін бір мамандықты азсынып Алматы есеп-кредит техникумын бітіреді. Еңбек жолын экономист, есепші болып бастап, Целиноград мемлекеттік еңбек жинақ кассасы және мемлекеттік кредит басқармасының аға ревизоры қызметтерін жемісті атқарады. Кейін ауыс-түйістерден соң кеншілік мамандығына қанығуға тура келеді. Енді ол Шығыс Жезқазған кенішінің шахтасында тау-кен ісіне ден қояды. Және де қызметтік міндеттерін терең түсініп, бұлжытпай орындау үшін Жезқазған тау-кен техникумын сырттай бітіріп алады. 1974 жылы Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Никольский поселкесіне қала мәртебесі беріліп, өңірімізде көптеген оң өзгерістер орын алады. Тың идеялар жүзеге асып, жаңа қаланың жаңа өмірі басталады. Жаңа қызмет түрлері ашылып, бұрын-соңды болмаған әлеуметтік нысандар халық игілігіне пайдалануға беріледі. Қала тарихында тұңғыш қалалық кеңес сессиясы шақырылады. Жемісті еңбек етіп жүргендер депутат болып сайланады. Қай салада жүрмесін жұмыста тиянақты, іскер, Өмірзақ Қабуловқа да таңдау түсіп, жас аман халық қалаулысы атанады. Халықтың жағдайын жақсарту, проблемаларын шешу міндетімен қатар, Ө.Қабуловқа депутаттықтан басқа тағы бір жауапты қызмет ұсынылады. Қала басшылары жаңадан құрылған әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі қызметін сеніп тапсырады. Жас та болса бас болуға тура келгенде Өмірзақ Қабдоллаұлы үлкен іскерлік қабілет танытады. Жаңадан құрылған бөлімнің барлық жұмысын ұйымдастырып, оның аяғынан тік тұрып, халыққа қалтқысыз қызмет етуіне он жылғы еңбегін арнайды. 1984 жылы облыстық зейнетақы төлеу орталығы ашылғанда да жоғарыдағылар Ө.Қабуловты жаңа қызметтің алға басып кетуіне үлесін қосуы үшін басшылыққа тағайындайды. Бұл жерде де аз уақыт ішінде Қабулов жақсы жетістіктерге қол жеткізіп, мекеменің іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. 1986 жылы майталман маман Өмірзақ Қабдоллаұлының адал еңбегі, табыстары еленіп, ол әлеуметтік қамсыздандыру органдарының үздігі» атанған екен. Ал 1986 жылы Ө.Қабдулов «Қазақмыс» корпорациясына қарасты №42 шахтаға бас инженердің техникалық қауіпсіздік жұмысы жөніндегі орынбасары болып ауысып, одан соң Анненск кенішінде еңбек етті. 2002 жылдан бүгінгі күнге дейін жылумен, сумен қамту мекемесінде өндірістік-техникалық бөлімнің бас инженері қызметін атқарып жүр. Ес білгелі оқудан, жұмыстан жалықпаған жан зейнеткерлік жастан асса да еңбектен қол үзбек емес. – Еңбегіммен артымда із қалдырдым, күш-қуатым кеткенше қоғамға әлі де пайдалы болғым келеді. Шүкір, еңбегім ақталып жатыр. «Еңбек ардагері» медалінің, көптеген мақтау-марапаттың иесімін. Еңбегімнің зейнетін көргеніме шексіз қуаныштымын, – дейді Өмірзақ аға. А.Құлашова.

Комментарии закрыты.