Еңбекпен жеткен абырой

Сексеннің тоғызына шыққан әз ананың бетіндегі әжімін көріп, бейнеттің адамы болғанын бірден аңғардық. Жалынды жастық шағы ашаршылық пен соғыс уақытына тұспа-тұс келді. Жекен Сейтенованы жезқазғандықтар мен ұлытаулықтар  жақсы біледі және  құрметтейді.

Жекен Сейтенова 1922 жылы Ұлытаудың етегіндегі «Үлгілі» колхозында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысы жылдарында  тылда еңбек еткен өрімдей қыздың осыдан елу-алпыс жыл бұрынғы естелік әңгімелеріне құлақ түрдік:

– Мен 1940 жылы Сәлем Торғаев деген ұлытаулық жас жігітпен шаңырақ құрдым.  1942 жылы маусымда ол соғысқа аттанып, сол майданнан қайта оралмады. Ең соңғы хаты 1943 жылдың 13-ші қарашасында келді, – деп, жолдасының көзіндей болған сарғайған хаттарды көрсетті.

– Сәлем сол кездегі санаулы ғана оқыған қазақ жігіттерінің бірі болатын. Оқуға, білуге деген құштарлығы өте жоғары болды. «Отанымызды қорғап, шейт болсақ арман бар ма, соғыс оты да сөніп, жаудың туы жығылып, тату-тәтті ғұмыр кешеміз әлі» деп кеткен жолдасымның қазасын 1953 жылы ғана естідім. Бүгінде жолдасымның сүйегі Украина жерінде жатыр.

Сәлемнің әкесі, қайын атам да көкірегі ояу, көзі ашық жан болды. Біз тұрған «Үлгілі» колхозының шаруашылығын шашауынан шаң шығармай басқара білді. Ол кезде «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деп ұрандатып, жоғарыдан түскен тапсырманы орындайтынбыз. Сол кезде таңның атысы, кештің батысына дейін колхоздың барлық шаруасына қолғабыс жасадық. Кешке дейін түздің шаруасын ыңғайлап келсек, түнде айдың жарығымен жауынгерлерге жылы шұлық, биялай тоқып, керек болған жағдайда тон мен тымақ пішіп, тіктік.

Сауыншылықты кәсіп еткен Жекен әжейдің соқамен жер жыртып, орақпен егін орғанын, шөп шапқанын қарияның қолдары айтып-ақ тұр.

– Сауыншылықтың да өз машақаты болды. Қазіргідей машинамен сауу деген түсімізге де кірмейтін. Әр сауыншыға өлшеніп берген мөлшер болады. Сол  жоспарды орындауда білекке шелек ілген қалпы сонда жүреміз. Соның арқасында сауыншылардың алды болумен қатар, депутат та, делегат та болдым, – деп 1950 жылғы Қарағанды облыстық кеңесі депутатының мандатын көрсетті. Мандатта Жекен әжейдің №35 сайлау округіне депутат болып сайланғаны жазылған.

– Соғыстан кейінгі күйреген шаруашылықты қалпына келтіру күн тәртібінен түспеді. Ауылшаруашылық аймақ болып саналатын Ұлытаудың сайлаушылары көбіне-көп қол еңбегін жеңілдетуді сұрайтын. Шаруалардың бұл тілектерін облыстық кеңеске жолдап, шешіп беруге тырысатынбыз. Сондықтан да болар, көпшілік депутаттығымды да жаман бағаламады. Соның нәтижесінде Қарағанды облыстық ХVIII партия конференциясының делегаты болдым.

1961 жылы Қарағандыда өткен облыс әйелдерінің І съезіне де делегат болғанына құжат арқылы көз жеткіздік.

Бұл кезеңдерде елді басқарған Н.Хрущевтің «бесжылдықтарды» «жетіжылдықтарға» айналдырып жіберген кезі болатын. Күн тәртібінде «жетіжылдықтың» үшінші жылының жоспарын орындау облыс әйелдерінің алдында тұрған үлкен мәселеге айналды.

Жекен әжей, сондай-ақ, 1973 жылы Жезқазған облыстық кооперация тұтынушыларының тұңғыш құрылтайына да қатысып, жаңадан құрылып жатқан кооперацияны өркендетудің жолдарын шешуге де атсалысқанын айтты.
Жады мықты әжейдің. Өткен жолдарында қай қоғамдық жұмысты тындырғанын, оның қалай шешілгенін әлі ұмыта қоймапты.

Ерінен айырылып, талай қиындықты көрген әз ананың еңбегі үкімет тарапынан лайықты бағаланды. Жекен әжейдің омырауына тағылған «Отан соғысы ордені», 1948 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының жарлығына сәйкес «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жан қиярлық еңбегі үшін», «Ерен еңбегі» үшін медальдары мен мерекелік медальдарды, сондай-ақ «Тыңға-50 жыл» төсбелгілері, шет жоқ Құрмет грамоталары өлшеусіз еңбегінің бағаланғаны деп білдік.

Жастайынан көп тауқымет тарта жүріп, бір ұл, бір қызды қатарға қосты. Әкенің жалғыз тұяғы Ермұханбет пайғамбар жасынан асқан ел ағасы. Қарт ана сол Ермұханбет пен келіні Бәтиманың қолында.

Екі баладан бүгінде немере, шөбере сүйіп отырған ана осы жасқа келсе де бес уақыт намазын қаза қылған емес.

Еңбек жолын сауыншы болып бастап, депутат дәрежесіне көтерілген Жекен Сейтенованың өмір жолы кім кімге де болса үлгі тұтарлық жол.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.