Ойылған жол әлі жатыр

– Бұл бір керемет болды…

– Нені айттыңыз, аға?

– Мына жолдың ортасындағы шұңқырды айтамын. Жыры таусылмайтын болды бұл жолдың. Көлігімізбен жүруден қалдық қазір. Онсызда ойдым-ойдым жолды жамаймыз деп одан жаман құртты. Осыдан он-он бес жыл бұрын Сәтбаев қаласының жолдарынан асқан сапалы жол болмайтын.Қазір мүлде керісінше,– деп кейіді таксист жігіт.

Шын мәнінде осыдан он-он бес жыл мұғдарында қаланың жолдары тақтайдай болатын. Қазір оңбай қалды. Әркімге бір тапсырылған жолдың сапасы қарын аштыратын жағдайда екенін біз бұған дейін де жаздық. Алайда, тендерді иелік еткен мердігер компания өз жұмысына салғырттықпен қарап отыр. Жүрдім-бардым іс атқаратын мұндай келімді-кетімді компаниялардың жөнсіздігіне қала басшылығы мен қоғамдық кеңес шара қолдануға дәрменсіз сияқты.

Мына суретте көріп отырғаныңыздай, Ерден көшесінің МЖК аталып кеткен бөлігі мен Первостроители көшесіндегі қиылыстың ортасы ойылған қалпы әлі жатыр. Маңайындағыны тегістегенімен, көлемі ауқымды ойық көлік кептелісін туындатуда.

Онымен қоса осы маңдағы жаяу жүргіншіге арналған жолдың да сапасы мәз емес. Бір шеті қопарылып жатса, бір шетін арамшөп басып, төмпешікке айналған.

Комментарии закрыты.