Келешегі кемел кәсіпорын

Кенші жөнелткен жентек-жентек кенді баптаған байытушының құнарлы концентратынан металлург шақпақ мыс шығарады. Үшеуінің мақсат-мүддесі ортақ. Ол — жер қойнауындағы қымбат қазынаны халық игілігіне айналдыру. Жезқазған мыс қорыту зауыты — әлемге әйгілі кәсіпорын. Одақ кезінде-ақ ол төрткүл дүниеге танылған. Қазақстанда қазір мыс өндіретін кәсіпорын көшін бастап тұрған бұл зауыт әлемдегі алғашқы ондық қатарында.

Металлургтің мерейлі мерекесі қарсаңында әңгімені кезінде көпшіліктің көңілін күпті қылған «консервациялаудан» бастасақ, ешкім айыптай қоймас. Шындығында зауытты тоқтатуға не түрткі болды?

Мамандардың мәлім­деу­інше, мұндай шешім мыс балқыту қуатын дамыту келешегін зерттеу қортындысына сүйеніп қабылданды. Сөйтіп, қайта құру жұмысын жүргізу үшін 2013 жылы қыркүйекте «Қазақмыс» басшылығы Жезқазған мыс қорыту зауытының жұмысын тоқтатты.

Қайта құру кезінде кәсіп­орынның уақытша тоқтап тұ­руы жұмысшы жалақысына кесірін тигізбеді. Өйткені, оның әлеуметтік әсерін әлсірету үшін «Қазақмыстың» басшылығы пәрменді қолдау көрсетіп, орташа жалақы кәсіпорын қайта қатарға қосылғанша сақталды. Кадр тұрақтамауы байқалған жоқ.

Зауыт тауарлы шақпақ мыс шығармаған шақта жұмысшы күшінің бір бөлігі концентрат тиеуге тартылды. Күкірт қышқылы цехы Балқаштан келген шикізатты байыту фабрикасына айдап, залалсыздандырумен айналысты. Қалғаны кәсіпорынды қаңтаруға қатысты шараны атқарды, негізгі технологиялық жабдықтың қорғалуын қам­тамасыз етті. Көмекші цех жұмысын тоқтатпады.

Бір жылдың көлемінде зауыт қайта қатарға қосылды. Оған бірнеше фактор ықпал етті. Соның ең бастысы — мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау. Сосын металл нарығындағы әлемдік жағдаяттың жақсаруы. Осының негізінде тиісті шешім қабылданып, зауытты қосуға бөлінген 3,436 миллион доллар қаржы толық игерілді.

Өндірісте оңай шаруа жоқ. Дегенмен, маман біліктілігіне зауытты қайта қатарға қосу кезінде кездескен ағымдағы қиындық кедергі келтіре алмады. 2014 жылы тамыз-қыркүйекте дайындық жұмысы жүрді. 15 қыркүйекте №2 пеш қыздыруға қойылып, 18 қазанда қара мыс алды. Қарашаның алғашқы аптасында шақпақ мыс шығарылды. Қысқасы, кәсіпорынды қайта қатарға қосу кестеге сай жүзеге асты.

Қазір кәсіпорын бұрынғы пирометаллургиялық тәсілмен тауарлы өнім шығаруда. Түсінікті тілмен айтсақ, алдымен мыс концентраты электр қуатымен балқытылады, сосын алынған балқыма отпен және электролит ертіндісімен одан әрі тазартылып, нәтижесінде сапасы төрт тоғыздықпен (99,99%) таңбаланатын шақпақ мыс шығарылады.

Құнарсыз шикізат өңдейтін гидрометаллургиялық технологияны өндіріске енгізу бағытында жұмыс қатар жүргізілуде. Санкт-Петербург «РусРедМет» ғылыми-зерт­теу бірлестігімен білек біріктірген «КазГидроМедь» компаниясының инновациялық технология ғылыми-зерттеу орталығы құнарсыз кенді кешенді өңдеп, шақпақ мыс, күміс, темір купоросы мен рений сияқты тауарлы өнім алудың тиімді технологиясын жасады.

Жезқазған мыс қорыту зауытында құнарсыз кеннен алынған қара мысты гидрометаллургиялық өң­деу­дің технологиясын тексерістен өткізетін әмбебап қондырғы монтаждалып, сосын өнімділігі сағатына 5 тонна концентрат шығаруға жететін тәжірибелік зауыт салынады. Оның жобасын ресейлік «РИВС-проект» жасады. Зауытты салуға да, жұмысына да жезқазғандық металлургтер қатысады.

Гидрометаллургиялық өң­деу технологиясы келешекте, ең алдымен, баланстағы және балансқа алынбаған кенді, бұрын есептен шығарылған қорды, ұзақ жыл жиналған өндірістік қалдықты аз шы­ғынмен өңдеуге мүмкіндік береді. Кәсіпорынның өндіріс көлемі ұлғаяды. Жезқазған аймағында жұмыс істеп тұрған кеніш «ғұмыры» ондаған жылға ұзарады, экологиялық жағдай жақсарады. Шақпақ мыстың өзіндік құны 1,6 есе арзандайды.

Кәсіпорынның келешегі кемел. Болашағына ұжым селкеусіз сеніммен қарайды. «Қазақмыстың» шикізат базасы кеңейіп келеді. Зауытта күкірті көп концентратты өңдеу мүмкіндігі мен күкірт қышқылы цехының технологиялық көрсеткішін жақсартудың жолы қарастырылуда. Осының бәрі келісті келешекке деген сенімге кепілдік болады.

Комментарии закрыты.